ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментінің ШҚО бойынша филиалы өткізген жиында «Өкпесі қабынған Өскеменнің» мүшкіл жағдайының себептері мен оның неліктен күні бүгінге дейін шешілмей келе жатқаны айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шара кезінде ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев қандай да бір пікірталас тудырмай, экология саласындағы олқылықтардың не себепті кетіп жатқаны, сыбайластық көрініс беріп жатқан тұстардың рет-ретімен көрсетілуін басшылыққа алды.
– Бүгінгі жиынымыздың мазмұны екіге жарылып отыр. Бір тарап жемқорлық тәуекелдері жайлы, екінші жақ тұрғындарды мазалаған мәселелерді талқылауға ауып барады. Айталық, тамақтың химиялық күйігінің салдары. Қызығы сол, Өскемен көлемінде жауапты мекемелердің өзінде материалдық-техникалық жабдықтар әбден ескірген. 50-шы, 90-шы, 2000-шы жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқандары бар. Бұл үшін жоспарлы тексерулер қарастырылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құзырлы мекемелермен тізе қосып, бірлескен тәжірибеге көше бастады. Ел көлемінде жоспар өзара кеңесіп барып құрылмаса, ескірген жабдықтар түбі жарға жықпай қоймайды, – деді Талғат Мамырбекұлы.
Талғат Башев
Облыстық Экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев бұл тұрғыда мекеме құрылымының біртұтас екенін, бүгінгі таңда сот істері бойынша да біршама тәжірибеге ие екендіктерін алға тартты.
– Соңғы үш жылда үш миллиард теңгеге жуық қаржыны мемлекет меншігіне қайтардық. Кеткен әр шығынның өтеуі бар, – деді Данияр Балтабайұлы. – Қазіргі уақытта шығын есептеудің методологиясы өзгерген.
Талғат Башев Экология департаменті басшысының аузынан «шығын» сөзі шыққанда мұның өзі бірнеше бағытқан бөлінетінін айтты. Мәселен, заңсыз алтын өндірушілердің әрекеті де есепке алынды. Бұдан бөлек, Экология департаментінде заңгердің жоқтығын сөз етті. Себебі, Данияр Әлиевтің «сот істері бойынша да біршама тәжірибеге иеміз» дегені көп адамның көкейінде сауал туғызды.
– Сот істері болса, онымен департамент мамандарының айналысуы қызық жағдай. Сіздер, құқықтық тәжірибе әкімшілігінің субъектісісіздер, – деді Талғат Башев.
Осы мәселеге қатысты қалалық мәслихат депутаты Арайлым Есімбекова Данияр Әлиевке Өскемендегі ауаның ластануы бойынша тұрғындар жағдайына мән берілмей келе жатқанын айтты. Балаларды қойып, ересектердің де мұрны бітеліп, тамағы жиі ауыратынын, зиянды қалдықтардың әлі де болса көптеп бөлініп жатқандығы, шынайы ақпарат берілмейтіндігін алға тартты.
– Осыған дейін Өскеменнің ауасын күнделікті үздіксіз қатынайтын көліктер мен кәуапханалардан шығатын түтіндер ластап жатқаны айтылып, елге масқара болар ақпараттар жарияланған болатын. Иә, ТМК, ҮМЗ сияқты зауыттар қала экономикасына әсер етуінен бөлек, қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірақ оларға қандай сараптамалар жасалған? Сіздің жағдайыңызды жасап, заңгерлер тауып береді екен, әріптестер іске араласпай тұрып, өзіңіз қандай да бір әрекетке бардыңыз ба? Мәселе көлденең қойылғанда, неліктен ең алдымен материалдық-техникалық базаны жаңарту сияқты себептерді алға тартып, өз басымызды ойлай бастаймыз? Түсінемін, шенеуніктердің жағдайларының жақсы болуы бұқара халықтың салығы негізінде өлшенеді. Жалпы, алпауыт мекемелермен бірлесіп, нендей шаралар атқарылды және алда қандай жоспар орындалмақ? Қаладағы зауыттарда түрлі апаттар болады, оны сонда істейтін жақындарымыз бен таныстарымыздан естиміз. Сондай кезде балалар неге сабаққа барады? Балабақшалар жабылып, оқушылар үйлерінде отырулары керек. Осылармен айналысатын жалғыз орган – осы Экология департаменті, – деді Арайлым Керімбекқызы.
Арайлым Есімбекова
Данияр Әлиев бұл ретте мәслихат депутатының жұмыстың бәрімен тек Экология департаменті ғана айналысады деген ойын қисынсыз екенін, бұл ретте Төтенше жағдайлар департаменті сияқты құзырлы мекемелер де араласатынын жеткізді.
– Заңгер бойынша сұраққа жауап бере кетейін. Үкіметтің шешімімен 2015 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің штаттары қысқартылды. Ең басында 50%, сосын 30%-ға, ең соңында 10%-ға қысқартқан болатын. Енді есептеңіз, бізде штаттағы 100 адамның ішінен қазір қалғаны 19 адам. Мұндайда заңгер ұстау мүмкін емес. Апатты жағдай болса, алдымен Төтенше жағдайлар департаментіндегілер барып зерттеп, тергеулері қажет. Апат неден болғанын, зияны қандай екенін анықтап алу керек. Кейін ТЖ өкілдері әкімдікке шығып, бізден өкілдер шақырып, жұмыс барысын ескертулері тиіс. Ал сіз айтып отырған апаттар тіркелмеген, – деді департамент басшысы.
Данияр Әлиев
Арайлым Керімбекқызының «Неге тіркелмейді?» деген сауалына да бірден жауап берді:
– Өйткені, оның тұрғындарға зияны жоқ. Ол цехтың ішінде болып жатқан жайт. Зиянды элементтер тысқа шықпайды. Осы бойынша ақпараттар неге таралмайтыны туралы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерінен сұраған жөн. Ал қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде профилактикалық шаралар неге жүзеге асырылмайды деген сауалды әкімдікке қойыңыз, – деді Данияр Балтабайұлы.