Соңғы аптада өңірде облыс тұрғындарына есімдері таныс бірнеше адам көз жұмды. Өз істерінің шебері, білімді де білікті, қиындықтан қаймықпайтын мамандар-тұғын. Қиын-қыстау кезеңде алдыңғы қатарға шығып, коронавирусқа қарсы күресте науқастарға барынша көмек беруге ұмтылды. Әйтсе де ажал аранынан аман қала алмады.
Өскемен қалалық Полиция басқармасының басшысы Даур Ибраевтың жасы небәрі 42-де болатын. Әріптестері мен қызметтестері ол туралы «Нағыз полковник еді» десе, өңір тұрғындары «Нағыз полиция қызметкері» деп жылы лебіздерін айтуда. Даур Болатұлы өзінің қызмет жолын ведомстволық институтты тәмамдап, бірден полиция болып бастайды. Мамандығының әрі қиын әрі қауіпті болғаны рас. Бородулиха және Шемонаиха аудандарының ішкі істер бөлімін басқарса, 2016 жылдан бастап Өскемен қалалық Полиция басқармасының тізгінін ұстады. Бұрынғы қызметтестері оның өмірден өткеніне әлі де сенер-сенбестерін білмейді. Карантин мен шектеу шаралары кезінде полиция қызметкерлері дәрігерлер сияқты күн-түн демей еңбек етіп, блокбекеттердегі тәртіп пен тұрғындардың сақтық шараларына бейжай қарамаулары үшін түсінік жұмыстарын жүргізді. Маңыздысы сол, Даур Ибраев кабинетте отырып басқарудан гөрі оқиға орнына барып мән-жайға үңілуге асық болатын. Маусым айының 20-сы күні КВИ-ге тест тапсырып, оң нәтиже көрсетті. Ал шілде айының 9-ы күні қайтыс болды. Қазірге дейін марқұмның Instagram парақшасына көңіл айтушылардың легі аз емес. Және басым көбі қарапайым қала тұрғындары. Осыдан-ақ Даур Болатұлының қызметіне адал, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын білікті маман екендігін аңғаруға болады. Тұрғындардың сөзінше, асыл азамат, білікті басшы көмек сұрағандардың бетін қайтарып көрмепті.