Қалай төленуі тиіс?

381
көрілім

Ауысымдық жұмыста еңбек ететіндердің жалақысы қалай есептеледі? Мереке, демалыс күндеріндегі, түнгі уақыттағы және үстеме жұмыстары үшін қалай төленеді?

Өскемен қаласынан тұрақты оқырман

Бұл сауалдың жауабы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтынан табылды:

– Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 73-бабына сәйкес өндірістік процестің ұзақтығы күнделікті жұмыстың жол берілетін ұзақтығынан асатын жағдайларда ауысымдық жұмыс белгіленуі мүмкін. Ауысымдық жұмыс кезінде жұмыс уақытының жиынтық ұзақтығы қолданылады. Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген күнделікті және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасы орташа алғанда сақталуға тиіс кезең жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең деп танылады.

Кез келген, бірақ бір жылдан аспайтын күнтізбелік кезең немесе белгілі бір жұмысты орындау кезеңі жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең болуы мүмкін. Кодекстің 79-бабына сәйкес жұмыс беруші жұмыскердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алуды жүргізуге міндетті. Жұмыскер жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақыт есепке алынуға тиіс. Бұл ретте үстеме жұмыстар уақыты, түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндеріндегі жұмыстар, іссапар күндері бөлек есепке алынады.

Жұмыс уақытын жиынтық есепке алу кезінде еңбекке ақы төлеу ауысымдық кесте (вахталар кестесі) бойынша нақты жұмыс істеген жұмыс сағаттарының саны бойынша жүргізіледі. Бұл ретте жалақыны есептеу тиісті күнтізбелік жылға арналған жұмыс уақыты балансына сәйкес тарифтік мөлшерлеме (лауазымдық айлықақы) және жұмыс уақытының айлық нормасы негізге алына отырып есептелген сағаттық тарифтік мөлшерлеме бойынша жүргізіледі.

Сонымен бірге, Кодекстің 109-бабына сәйкес мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде жүргізіледі.

Үздіксіз өндірістерде немесе өндірістік-техникалық жағдайлар бойынша немесе халыққа ұдайы үздіксіз қызмет көрсету қажеттілігі салдарынан демалыс күндері жұмысты тоқтату мүмкін болмайтын өндірістерде істейтін, сондай-ақ вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерге (жұмыскерлер тобына) демалыс күндері ауысымдық кестелерге (вахталар кестелеріне) сәйкес аптаның әр күндері кезекпен беріледі.

Яғни ауысымдық жұмыс қызметкерлеріне демалыс күндері ауысымдық кестелерге сәйкес беріледі, егер қызметкердің жұмыс ауысымы бескүндік және алтыкүндік жұмыс аптасымен жұмыс істейтін қызметкерлер үшін демалыс болып табылатын жұма немесе сенбі күндеріне сәйкес келсе, бұл күндер бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде төленбейді, себебі ол күндер қызметкер үшін ауысым кестесіне сәйкес жай жұмыс күндері болып табылады.

Кодекстің 110-бабына сәйкес түнгі уақыттағы жұмыстың әрбір сағатына еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде ақы төленеді. Бұл ретте, сағат 22-ден таңғы 6-ға дейінгі уақыт түнгі уақыт болып саналады.

Қодекстің 108-бабына сәйкес еңбекке уақыт бойынша ақы төлеу кезінде үстеме уақыттағы жұмысқа еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) тарифтік мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде ақы төленеді. Тараптардың келісімі бойынша үстеме жұмысқа үстеме жұмыстың бір сағаты үшін тынығуға кемінде бір сағат беру есебімен тынығу сағаттарын ұсынуға жол беріледі.

Қызметкердің үстеме сағаттарының саны есеп кезіндегі нақты жұмыс істеген сағаттары мен аталған кезеңдегі жұмыс уақытының балансы бойынша жұмыс сағаттарының арасындағы айырма ретінде айқындалады.