Қалпына келді

809
көрілім

Тарбағатай ауданының әкімдігі Тұғыл ауылындағы мектепте мектеп формасы тәртібін бұзып, орамал таққан оқушыларды қайтадан толық мектеп формасына бағындырды. Бұл жөнінде аудан әкімдігінің ресми сайтында хабарланған.

"Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылындағы Ш.Уалиханов орта мектебінде оқитын 6 оқушы қыз 2018-2019 оқу жылының басында бірыңғай мектеп формасы тәртібін бұзған болатын. Атап айтсақ, аталмыш алты оқушы қыз мектеп формасын киіп, тек бастарына қысқа орамал тағып келген болатын (толықтай жабылған хиджаб кимеген). Аудан әкімдігінің басшылығымен аталмыш оқушылардың ата-аналарымен түсінік жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінен бастап толық мектеп формасына бағынуда. Оқушылардың бірыңғай мектеп формасына толықтай бағынып отырғаны туралы ақпарат (хабарлама, хаттама, фото есеп) тиісті құзіретті органдарға берілді", делінген ресми сайтта.

Сонымен қатар арнайы кестеге сәйкес әр аптаның сәрсенбісінде Тұғыл ауылында аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы және Шығыс Қазақстан облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы дін ұстанушы азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Ерлен ОСМАНОВ