Қалтаға пышақ салып жүруге бола ма?

176
көрілім

Заңгер Алексей Бажков қалтаға пышақ салып жүрудің қаншалықты заңды екендігін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қазақтың көне заңында ер кісіге бәкісіз жүруге болмайтын. Ол енді жаугершілік уақыт. Ал қазір заман басқа. Бірақ қалтасына немесе көлікке пышақ салып жүретіндер әлі де бар. Бұл қаншалықты заңды екендігін білу үшін өскемендік заңгер Алексей Бажковқа жүгіндік.

«Пышақта суық қарудың сипаттамалары болмаса, алып жүруге болады. Бірден басын ашып алайық, кез келген пышақ суық қаруға жатпайды. Егер бір жағдай болса, нақты бағасын криминалист-сарапшылар береді. Десе де пышақ алып жүруге тыйым салынбағанымен, оны қалтаға салғандағы мақсатыңыз қандай? Қалай болғанда да ешкімге қалтаға пышақ салып жүруге кеңес бермес едім. Әсіресе, жастарға. Себебі ерте ме, кеш пе, пышақтан бір қиындықтар туындауы мүмкін», - дейді ол.

Егер полиция қызметкерлері көшеде сізді тоқтатып, қалтаңызды тексергенде пышақ шықса, онда бәрібір қоя бермейді, тексеріс жасайды.

«Кейбіреулер «көлікте балта салып жүруге бола ма?» деп сұрап жатады. Бұл жерде де суық қару белгілері бар ма, жоқ па, қарау керек. Жоғарыда айтқанымдай, соңғы шешімді криминалист-сарапшылар шығарады», - дейді заңгер.