Желтоқсан айының басында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде Семейдегі Уранхаев көшесінде оқ-дәрілерді заңсыз сақтады деген күдікпен 42 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жедел тінту барысында оның күртешесінің ішкі қалтасынан 25 патрон салынған пластик қорап табылып, тәркіленді.
- Сарапшы қорытындысына сәйкес тәркіленген 23 патрон ойық атыс қаруына арналған 5,6 мм калибрлі оқ-дәрілер, Макаров тапаншасына арналған 9х18 мм калибрлі бір патрон және СӨО және АК-47 автоматынан атуға арналған 7,62 х 54 мм калибрлі патрон екені анықталды. Сараптама қорытындысы тәркіленген патрондар оқ атуға жарамды екенін көрсетті. Бүгінде қаскөйге қатысты келуге міндеттеу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігіне (Оқ-дәрілерді заңсыз сақтау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Осы баптың санкциясымен 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.