Қалыс қалмайды

514
көрілім

Жақын жылдары Өскемен қаласы Қазақстанның ең ақылды қалаларының біріне айналады. Көше қиылыстарында бейнекамералар мен автобустарда электронды билеттер пайда болады. Одан әрі "Сергек" жобасы өңірдің басқа елді мекендеріне де тарала бастамақ.

Естеріңізге салсақ, "Ақылды қала" бағдарламасы аясында облыс орталығында жеті ай ішінде төрт мың бейнекамера орнатылады. "SMART-City" қағидасы бойынша олар фото және бейне түсірілім жасай отырып, жол қозғалысын қауіпсіз ете түспек. Автоматтандырылған аппарат кешендері 74 қиылысқа орнатылады. Олар жол қозғалысы ережелерін бұзуды бақылап, тіркеп отырмақ. Бұл жөніндегі келісім-шарт 27 тамыз күні бекітіліп, оған сегіз миллиард теңгеден астам қаржы бөлу көзделді.

"Алтай инвест-форум" аясында 26 қыркүйек күні облыс орталығында Семей, Риддер, Шемонаиха, Аягөз және Зырян қалаларында "Ақылды қала" жобасын іске асыру үшін "Сергек" компаниясымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында меморандумға қол қойылды.

Бұдан басқа, Өскемен және Семей қалаларында жақын арада үнемді автобустар жүре бастамақ. Қоғамдық көлікке электронды билеттеу жобасын енгізу дайындалуда. Аталмыш жобаларды іске асыруға Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Қазақстан даму банкі атсалысуда. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметов хабарлады.

Еуропалық қайта құру және даму банкі біздің өңірге қаржыны алғаш рет құйып отырған жоқ. Олардың қаржысына облыстың бірқатар қалаларындағы көшелер жарықтандырылуда. Оған банк 3,6 миллиард теңге көлеміндегі қаржыны құйған болатын. Сонымен қатар Өскемен және Семей қалаларында тұрмыстық қатты қалдықтарды жою жобасы да дайындалуда.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ