- Менің 2014 жылы зауыттан шыққан "В" санатына жататын "Мерседес-Бенц Спринтер" автокөлігім бар. Көліктің техникалық төлқұжатында рұқсат етілген ең жоғары салмағы 3500 келі, ал жүксіз 2185 келі екендігі көрсетілген. ҚР "Жол жүрісі туралы" заңының 73-бабының 1-тармағында жүк салмағымен қосқанда 3500 келіден аспайтын бұл көлік шынымен "В" санатына жататындығы көрсетілген. Ал еліміздің Жол жүрісі ережелерінің 10.3-тармағында жеңіл автомобильдерге және мотоциклдерге автомагистральдерде 3.24 тиісті жол белгісімен белгіленген, бірақ сағатына 140 шақырымнан аспайтын, ортасында бөлетін жолағы бар жолдарда — сағатына 110 шақырым, ал қалған жолдарда — сағатына 100 шақырым жылдамдықпен жүруге болатыны жазылған. Алайда мені бірнеше рет тоқтатқан жол-патрульдік полициясының қызметкерлері көлігімнің максималды рұқсат етілген салмағы 3500 келі болатын жүк көлігі екенін айтып, "Жол жүрісі ережелерінің" 10.3-тармағының 2-тармақшасына сай жылдамдықпен жүруімді талап етті. Олардың айтқан уәждері көлік құралының техникалық төлқұжатында көрсетілген жазбаларға кереғар келуде. Осыған орай көлігімнің қай санатқа жататынын анықтап алғым келеді.
Өскемен қаласынан тұрақты оқырман
Сіздің сұрағыңызға жауап ШҚО Ішкі істер департаменті бастығының блогында былай деп берілген:
- "Жол қозғалысы туралы" Конвенцияға (Вена қаласы, 1968 жыл) және ҚР "Жол қозғалысы туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі №194V заңына сәйкес 2014 жылы шығарылған "Mersedes-Benz Sprinter" автокөлігі "В" санатына жатады. Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы Ішкі көлік комиссиясының автомотокөлік құралдары классификациясына сай сіздің көлігіңіз рұқсат етілген максималды жүк салмағы 3500 келіге дейін болғандықтан N1 (В/ N1) санатына жатады. Аталмыш негіздерге сүйене отырып, Сізге ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы №1196 қаулысымен бекітілген "Жол жүрісі ережелерінің" 10.3-тармағының 2-тармақшасын басшылыққа алуыңызды сұраймыз. Яғни, рұқсат етілген ең жоғары массасы 3,5 тоннадан аспайтын жүк автомобильдеріне, қалааралық автобустарға, шағын автобустарға елді мекендерден тыс орналасқан автомагистральдарда — сағатына 110 шақырым, ортасында бөлетін жолағы бар жолдарда — сағатына 100 шақырым, ал қалған жолдарда — сағатына 100 шақырым жылдамдықпен жүргеніңіз абзал.