Қандай жағдай жасалады?

624
көрілім

Келесі жыл Волонтер жылы деп жарияланғанын білеміз. Осының аясында волонтерлерге қандай жағдай жасалады? Жоғары оқу орнындағы студент волонтерлерге материалдық ынталандыру бола ма?

Ілияс, Өскемен қаласы

Бұл сауалыңызға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет жауап берді:

– Волонтерлер жылына байланысты жалпы еріктілер жұмысына деген қызығушылықты арттыру жоспарланған. Біршама ұсыныс та түсіп жатыр. Атап айтқанда, биыл «Әлеуметтік студенттік несие» атты жобасын бастадық. Ол бойынша студент жастарға волонтерлік қызметтің әр сағаты үшін 1 000 теңгеден төленеді. Олар осы соманы оқу қажеттілігіне жұмсап, базалық шығындарын өтей алады. Волонтерлік қызметтің әр сағаты үшін төленетін ақы республикалық бюджетке енгізіліп қойған. Оператор – Білім және ғылым министрлігі. Qazvolunteer.kz сайты бар. Аталған сайтта волонтерлік қызмет көрсетуге ниеті бар жастар тіркеледі. Қазір ЖОО студенттері тіркеліп жатыр. Бірақ келесі жылы процеске колледж студенттері де тартылар деген үміттеміз. Бұдан бөлек, волонтерлік қызмет мерзімін еңбек кітапшасына енгізу жұмысы да пысықталу үстінде. Бұл – Еуропа елдерінде кеңінен таралған тәжірибе. Дамыған елдерде белсенді волонтерлік қызмет – қосымша басымдыққа ие. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы өз сөзінде волонтерлікті дамытудың жеті бағытын атаған еді. Осы бағыттар аясында арнайы жобалар жасалады. Мәселен, «Қамқорлық» жобасы аясында Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында волонтерлерді ескерткіштерді қалпына келтіру ісіне тарту көзделген. Бұған қоса архивтерді цифрландыру ісінің маңызы алға шықты. Бұл бағытта да волонтерлер тобы жасақталады. Жұмыс бағыттарын айқындап алу үшін ресейлік әріптестермен ауқымды үш кездесу ұйымдастырылмақ. Осыдан 2 жыл бұрын Ресейде «Еріктілер жылы» өткен болатын.