Қандысу су қоймасы келер жылы жөнделуі мүмкін

1088
көрілім

Бұл туралы мәліметті ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитеті «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы ШҚО филиалының директоры Нұржан Әміржанов айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тақырып су тасқыны кезеңін өткерумен байланысты болды. Филиал директорының мәліметінше, мекеме теңгерімінде 118 жалпы су шаруашылық объектісі бар. Оның ішінде жеті су қоймасы бар. Атап айтсақ, Үйдене, Қандысу, орта Теректі, Алибастр және Абай облысына қарасты Шар, Қарақол су қоймасы.

– Көктемгі уақытта өзен арналары толып кетпес үшін су қоймаларынан су ағуын реттеу жұмыстары жүргізілді. Иннертті материалдар мен қапшықтар қоры уақтылы дайындалды, – деді ол.

Нұржан Әміржановтың сөзінше, биыл аймақ көлемінде бірде-бір үйді су алмады. «Қазсушар» мекемесі барлық жағдайға дайын болған. Осы ретте Тарбағатай ауданы аумағындағы Қандысу су қоймасына қатысты қойылған сұраққа да жауап берді.

– Биыл республикалық бюджеттен жобалық-сметалық құжаттама дайындау үшін 10 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде су шаруашылығы комитеті шеңберінде мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізілді. Келісімшартқа қол қойылып тұр, – деді ол.

Жауапты тұлғаның ойынша, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу биыл аяқталады. Соған сәйкес келер жылдан бастап су құрылыс-монтаж жұмыстарына қажет қаржы қарастырылатын көрінеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ