Желтоқсан айында қазақстандықтар екі мемлекеттік мерекені атап өтіп, Жаңа жылды қарсы алады. Айтулы күндердің барлығын қосқанда алдағы айда 13 демалыс күні болмақ, деп хабарлайды газет тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
1 желтоқсан күні Қазақстанда Тұңғыш Президент күні аталып өтіледі. Мереке аптаның сенбісіне дөп келетіндіктен бес күндік жұмыс аптасымен жұмыс істейтін қазақстандықтар үшін 3 желтоқсан, яғни дүйсенбі күні демалыс болмақ.
16 желтоқсан — Қазақстанның Тәуелсіздік күні. Мереке дәстүрлі түрде екі күнге созылады. Алайда 16 желтоқсан жексенбіге тұспа-тұс келетіндіктен демалыс күндерін қоса есептегенде мерекелік күндер 15-нен 18 желтоқсанды қоса алғандағы күндермен тең болады.
Бұдан бөлек, Жаңажылдық мерекелер ұзағырақ болуы үшін қазақстандықтарға жылдың соңғы сенбісін, яғни 29 желтоқсанды жұмыс күні ретінде белгілеп, дүйсенбі, 31 желтоқсан – демалыс күні болып белгіленді.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ