Қара Ертісте браконьерлік фактілер анықталды

333
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

Уылдырық шашу кезеңінде жүргізілген рейд кезінде Зайсан балық шаруашылығы басқармасы мен прокуратура өкілдері тізе қосып, бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Марқакөл ауданының прокуратурасы тыйым салынған аумақтарда заңсыз балық аулау фактілерін анықтау бойынша күшейтілген рейдтік-профилактикалық шаралар жүргізуде. Осы ретте Қара Ертіс өзенінде жыл бойы балық аулауға тыйым салынған жерде екі браконьер ұсталып, олардан 60 кг балық (сазан, табан балық, шортан т.б.) алынды. Облыс прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, келтірілген залал 362 мың теңгені құрады. Оқиға орнынан моторлы қайық пен синтетикалық бірталшықты 400 метрлік ау тәркіленді.
- Балық аулау ережелерін өрескел бұзғаны үшін құқық бұзушылардың бірі ӘҚБтК 383-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жазаға тартылып, мемлекет кірісіне құқық бұзушылық заттары тәркіленіп, оған 20 АЕК (73 840 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Қайталап құқық бұзушылық жасаған екінші браконьер ӘҚБтК 383-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жазаға тартылып, ол 40 АЕК (147 680 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл арқалады, - делінген мәліметте.
Тағы бір рейд барысында Қалжыр ауылының маңында жалпы салмағы 95 кг сазан мен табан балықты тасымалдау жағдайы тіркелді. Құқық қорғау органы өкілдері осыдан сезіктеніп, әуелі Зайсан ауданының 44 жастағы тұрғыны басқарған күдікті көлікті тоқтатты. Оның әрекетінен келтірілген шығын 660 мың теңгені құрады.
Балық ресурстарын аулау фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Өз тілшіміз