Қарттар үйі деген қазірде кең таралған ұғым кезінде қазақ қоғамы үшін жат еді. Ал енді ел арасында тастанды қарттар біртіндеп көбейіп келеді. Көздері жәудіреп, жандары жүдеген ата-әжелеріміз Қарттар үйін жағалап, пана іздеп жүргені бүкіл қазақтың арына түскен дақ болды. Қарттар үйіндегі ата-әжелердің барлығы кезінде бала-шағасын өсіріп, жеткізген аяулы ата-аналар. Қарттар үйіндегі қариялардың кейбірінен бала-шағасы бас тартса, кейбірі бауыр еті – баласының көрсеткен қорлығынан қашып келіп, осы пансионды өз еркімен пана етуде…
Облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша, Шығыс Қазақстанда сегіз мемлекеттік Қарттар үйі бар. Барлығы дерлік қамқорсыз қалған қарттардың өмірін жеңілдету үшін қызмет етуде. Тағдыр тәлкегіне түскендер үшін осындай орынның барына бір жағынан ашулансаң, екінші жағынан шүкіршілік те етесің екен. Әйтпесе, бейшара қарияның басқа барар жер, басар тауы бар ма?
Қарттар үйіне кімдер қабылданады?
Стационарлық типтегі мұндай мекемелер интернат үйлер деп аталады және бұл жерге қабылданатын қарттардың қатары шектеулі. Олар:
— өзіне қамқор болуға шамасы келмейтін, еңбекке жарамды бала-шағасы, зайыбы жоқ зейнеткерлер;
— бала—шағасы қандай да бір себептермен қамқор бола алмайтын зейнеткерлер. Мәселен, І, ІІ топ мүгедектері, онкологиялық, психикалық аурулары бар науқастар, бас бостандығы шектелген орындарда отырса, наркологиялық диспансерде тіркелсе, тұрақты түрде шетелдерге көшіп кеткен немесе науқас туысына қамқор болып отырған болса. Сондай-ақ, жұбайының бірі екіншісіне күтім жасай алмайтын халде болса.
Туған-туыстарымен, бала-шағасымен тұрып жатып, олардан қорлық көретін қарттар да жиі кездеседі. Зейнетақысын тартып алып, қарияны жәбірлеп, тамақ бермейтін безбүйрек жандар арамызда аз емес. Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының хабарлауынша, бұл жағдай әлеуметтік мекемеден орын алуға себеп бола алмайды екен. Жәбір көрген қарттар сот арқылы бала-шағасын қамқорлық құқығынан айыра алады немесе олар жазбаша түрде әке-шешесінен бас тартуы керек.
Ал ардагерлердің жеке үйлерінде жағдай мүлде басқа. Онда барлығын сол жерде жүріп-тұру келісім-шартының талаптары белгілейді.
Үміткерді қандай себептермен қабылдамауы мүмкін?
Жалғызбасты қарт адамның медициналық қарсы көрсетілімдері болса, қарттар үйіне орналасу үшін алдымен емделуі тиіс. Қарсы көрсетілім болып табылатын нақты сырқаттар:
— белсенді сатыдағы туберкулез;
— психикалық аурулар (неврозды, дене аурулары кезіндегі невроз тектес күйді, жеңіл сатыдағы қауқарсыздықты, түрлі этиологиядағы, сирек ұстамасы бар қалшылдау синдромын (айына екі-үш ретттен көп емес) қоспағанда, ақымақтық болмауы және жеке бастың ерекше өзгеріске ұшырамауы талап етіледі);
— карантиндік инфекциялар, тері мен шаштың жұқпалы аурулары, мерез аурулары, ЖИТС, сондай-ақ мамандандырылған медициналық мекемелерде емделуді қажет ететін сырқаттар.
Қандай құжаттар қажет?
● Қарт адамның жазбаша өтініші (бланкі жұмыспен қамту бөлімінде беріледі).
● Жеке куәлігінің көшірмесі мен түпнұсқасы (міндетті түрде ЖСН нөмірі көрсетілуі тиіс).
● Медициналық карта (форма бойынша).
● Зейнеткерлік куәліктің түпнұсқасы мен көшірмесі.
● Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірлігендер үшін – дәрежесін растайтын куәліктің түпнұсқасы мен көшірмесі.
Кейін құжаттардың түпнұсқасы иесіне қайтарылады.
Рәсімдеуді неден бастайды?
Егер мемлекеттік Қарттар үйіне орналасқыңыз келсе, ең алдымен жергілікті жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бару қажет. Сол жерде қажетті құжаттар тізімі мен өтініш үлгісі туралы толық мәліметтер беріліп, медициналық комиссияға жіберіледі. Құжаттар толық дайын болған соң, жұмыспен қамту бөлімі жаңа үміткерге әлеуметтік мекемеден орын беру бойынша шешім қабылдайды. Барлығы дұрыс болған жағдайда құжаттар облыстық басқармаға жолданады. Олар бос орыны бар мекемеге жолдама береді.
Қандай жағдайда мекемедегі орыннан айыруы мүмкін?
Ішкі тәртіп ережелерін бұзу мен бұзақылығы үшін Қарттар үйінен шығарып тастауы әбден мүмкін: ішімдік ішу мен алып келу, мүлікті бүлдіру және тағы да басқа ережеге қайшы іс-әрекет үш реттен артық қайталанса.
Сондай-ақ, сот шешімі бойынша адам қалыптасқан маскүнем не нашақор болып табылса, немесе мекемеден өз еркімен, еш дәлелді себепсіз кетіп, екі тәулік ішінде қайта оралмаса, орнынан айырылады.
Тәртіп бұзғандар қайтадан Қарттар үйі тұрғындарының қатарына қабылдануы мүмкін. Бірақ ол үшін бір жылдай күтуге тұруға келеді. Жоғарыда айтылғанға қарап, зейнеткерлерге панасынан кетуге болмайды деген қорытынды шығаруға болмайды. Денсаулығы жарап тұрса, жазбаша өтініш арқылы зейнеткерлер үш айдай уақытқа сұранып кете алады. Бұл ретте оған маусымға сәйкес киім-кешек пен аяқ-киім, қажетті құжаттар мен бағалы заттары табысталуы тиіс.
Қайда шағымдануға болады?
Әлеуметтік мекемеде қарт адамға жәбір көрсетіліп, тиісті заттармен қамтамасыз етілмесе, оның достары мен туыстары облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына шағымдана алады. Оның мекен-жайы: Өскемен қаласы, Киевская көшесі,1. Сенім телефоны 75-40-43, анықтама телефоны 75-44-77. Басқарма басшысы – Старенкова Елена Васильевна.
Ақысы қанша?
Облыста қарттар мен ақыл-есі дұрыс мүгедек адамдарға арналған сегіз мемлекеттік және беске жуық жеке мекеме бар. Жекеменшік мекемелер ақылы болып табылады. Ал мемлекеттік үйлерде жуықта шыққан заңға сәйкес қарттың күтімі үшін зейнетақының 70 пайызы мекеме шотына аударылады.
Ал зейнеткерге тиесілі меншік мүлігі (пәтер және т.б.) өзінің атында болады. Оларды өз еркімен кез келген туысына мұраға қалдыра алады. Ал қарт дүниеден озғаннан кейін мұрагер болатын адам табылмаса, оның меншігіндегі мүлік уақыт өте келе мемлекет қарамағына көшеді.
Қарттар үйіндегі өмір сүру жағдайы қандай?
Зейнеткерді өз қамқорлығыына алған мемлекеттік мекемеде қарт адам не талап ете алады?
● Бес шаршы метрден кем емес тұрғын алаңды. Зейнеткерлерді орналастыру кезінде көршілердің психологиялық үйлесімділігі мен денсаулық жағдайлары ескерілуі керек. Ерлі-зайыптылар жеке бөлмеге орналастырылады. Тұрғын, қызметтік және өндірістік үй-жайлар жайлы болуы және телефон байланысымен жабдықталуы тиіс.
● Күнделікті қажеттілік кезінде көмек көрсетіледі. Стационардың қызметкерлері қарттарға төсектен тұруға, киініп-шешінуге, жуынуға, тамақтануға, дәретхананы пайдалануға, сақал-мұртын, шаш-тырнағын алуына, тағы да басқа қажеттіліктерін атқаруға көмектесуге тиіс. Сондай-ақ, қарт адаммен әңгімелесулері, хат жазуға және оқуға, телефонмен тілдесуге көмектесулері қажет. Мекемеде дәни рәсімдерді орындауға да жағдай жасалуы керек.
● Денсаулығын күнделікті бақылауды (дене температурасын, артериялық қысымды өлшеу) және мүгедектерді оңалту бағдарламасы бойынша адекватты медициналық жәрдем көрсетуді, дәрігердің нұсқамасы бойынша дәрі-дәрмекті қабылдауға көмектеседі.
● Нормаларға сәйкес тамақтануды (соның ішінде диеталық).
● Стандартпен белгіленген мөлшердегі киім-кешек, төсек-орын және гигиеналық жабдықтарды (мәселен, әр адамға жылына маусымдық бір сырт киім, бір жүннен, матадан тігілген және спорттық костюм, төрт шалбар мен трикотаж жемпір, төрт көйлек немесе халат, үш комплект төсек-орын жабдығы, екі түкті сүлгі және т.б. тиесілі).
● Мерекелік, көңіл көтеретін іс-шараларға қатысу, шамаға шақ, сауықтыратын еңбекті.
● Өзіне деген құрмет пен ұқыпты қарауды. Пассиондарда сауатты және сыпайы қызметкерлер жұмыс істеу керек. Ғимарат арнайы құрылғылармен жабдықталып, жағымды психологиялық климат, қалыптастырылып, жайлылық пен күтім қамтамасыз етілуі тиіс. Мұндағы өмір сүру жағдайы үйдегі жағдайға ұқсас болуы қажет.
ШҚО бойынша мемлекеттік Қарттар үйінің тізімі
● «Өскемен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ 120 орынған арналған (Глубокое ауданы, Солнечный кенті, Мир көшесі, 18 үй).
Директоры Баян Ахметұлы Назбиев, телефон: 8 (7232) 52-94-74.
● «№ 2 Семей арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ 170 орынға арналған (Семей қаласы, Сеченов көшесі, 6 үй).
Директоры Гүлмира Идаятқызы Сексеналинова, телефон: 8 (7222) 53-47-00.
● «Серебрянск арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ 50 орынға арналған (Зырян ауданы, Серебрянск қаласы, Почтовая көшесі, 4 үй)
Директоры Анфилофьева Екатерина Петровна, телефон: 8 (72335) 21-686.
● «Зевакин арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ 310 орынға арналған (Шемонаиха ауданы, Зевакино ауылы)
Директордың м.а. Круглов Александр Алексеевич, телефон: 8 (723-32) 76-280
● «Самар арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ 155 орынған арналған (Көкпекті ауданы, Самар ауылы, Астана көшесі, 111 үй).
Директоры Бауыржан Қалымжанұлы Дюсюпов Телефон: 8 (723-33) 2-30-07.
● «Тарбағатай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ 105 орынған арналған (Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылы, Байжігіт көшесі, 16 үй).
Директоры Нұрлан Епенқызы Асылбекова, телефон: 8 (723-44) 21-145.
● «Бородулиха арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ 105 орынған арналған (Бородулиха ауданы, Бородулиха ауылы, Крупская көшесі, 187).
Директоры Дәурен Қамзаұлы Ахметханов, телефон: 8 (723-51) 21-702.
● «Первомай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ 105 орынған арналған (Шемонаиха ауданы, Первомай кенті, Металлургтер көшесі, 3 үй).
Директоры Саловат Қалымжанұлы Дюсюпов, телефон: 8 (723-32) 23-007.