Қарыз бірнеше триллионға жетті: Қазақстанда алимент төлемей, жүре беруге бола ма

594
көрілім
Фото:zn.ua сайтынан

Мәселе өткір болғанымен, айтылып келе жатқан құрғақ сөз жалғызбасты аналарды әбден титықтатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі  Ulysmedia сайтына сілтеме жасап.

Өткен аптада парламентте мемлекеттік алимент қорын құру туралы тағы да сөз болды. Шындығында, бұл идея 2017 жылдан бері талқыланып келеді. Депутаттар төленбейтін алимент ауыртпалығының жылдан-жылға артып келе жатқаны туралы статистиканы келтіріп, баласы үшін материалдық жауапкершілікті жалғыз өзі көтеруге мәжбүр болған аналарға жанашырлық танытуға шақырады. Алайда нәтиже жоқ.  

Мәселе өткір болғанымен, айтылып келе жатқан құрғақ сөз жалғызбасты аналарды әбден титықтатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі  Ulysmedia сайтына сілтеме жасап.

Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында депутат Магеррам Магерамов дәлел ретінде статистиканы мысалға келтірді.

– 2022 жылы алимент бойынша берешек 13,8 трлн теңгені құрады. 2023 жылдан қазірге дейін 20,8 триллион теңгеден астам. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша алимент өндіру туралы 8 мыңнан астам сот шешімі мүлде орындалмаған.

Мәжілісмен өткір әлеуметтік мәселені шешуге бағытталған күш-жігердің бәрі нәтиже бермегенін атап өтті. «Балаларға жәрдемақы төлеудің отыз қадамы» бағдарламасы тиімсіз болды. Республикалық сот орындаушылар палатасы қолданып жатқан шаралар нәтижесіз.

Магеррам Магерамовтың айтуынша, мәселені мемлекеттік алимент қорын құру арқылы шешуге болушы еді. Депутат бұл қорды бюджеттен тыс түсімдер есебінен толықтыруды ұсынып отыр. Оның негізгі мақсаты – үш айдан астам әкесінен материалдық көмек алмаған балаларға алимент төлеу. Депутаттың айтуынша, мойнында әкелік қарызы бар азаматтан қарыз өндіру оның бұрынғы әйелі немесе сот орындаушысына қарағанда мемлекеттің қолынан келетін шаруа. 

Көлеңкелі экономика – қарыз төлемейтіндер үшін таптырмас әдіс

Алимент қорын құру мәселесі парламент қабырғасында алғаш рет 2017 жылы көтерілген.

   – Қазақстанда алимент төлемеу – өзекті мәселе. Бұл балалар мен аналардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Алиментті сот арқылы өндіру әйелдер үшін оңай шаруа емес, - дейді Мәжілістегі «Халық» фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров.

Қоңыров әкелерден алимент өндіруде қиындық тудырған себептердің қатарына «көлеңкелі экономиканы» да жатқызады.  Оның айтуынша, жалақысын қолма-қол алатындар ата-аналық міндеттерін орындаудан оңай құтылып кетеді. Сондықтан мәселені шешу жолдарының бірі ретінде борышкерлерді мәжбүрлеп жұмысқа орналастыруды ұсынды.

   – Мысалы, бізде жол жұмысшылары жетіспейді. борышкер әкелерді неге қоғамдық жұмыстарға тартпасқа? Олардың 60 пайызының жұмысы бар, бірақ олар өз табыстарын жасырады, алимент  төлегісі келмейді. Төлемей ме, онда көше сыпырсын, қар күресін…

Бұл ретте Магеррам Магерамов статистикалық мәліметтерді келтірді:

   – 300 мыңнан астам балаға 2 миллиард теңгеге жуық алимент төленбеген. Бізде (Қазақстанда)  алиментті ешқашан төлемеген 30 мыңға жуық әке бар. Қазіргі таңда қолданылып жатқан шаралар алимент өндіру мен төлеу мәселесін шешпей отырғаны, оның үстіне бұл жағдай қордаланып, қарыз көлемі, алиментті төлемегендер мен оған мұқтаж балалардың санының көбейіп бара жатқаны анық байқалады. Жоғарыда айтылған деректер жай сандар ғана емес, олардың артында балалардың, соның ішінде көптеген мүгедек балалардың тағдыры тұрғанын түсінуіміз керек. 

Өзге елдерде қалай?

Магеррамовтың айтуынша, шетелде алимент төлемегендердің басынан сипамайды: көліктерін қаңтарып, өздерін түрмеге отырғызады, жүргізуші куәлігін қайтарып алып, шетелге шығуына шектеу қояды, мүліктерін сату үшін тәркілейді. Өзіміздегі заңдарда да алимент төлемей қашып жүрген әкелерге ықпал ету шаралары да жоқ емес. Жүргізуші куәлігінен айыру, шетелге шығуға тыйым салу, әкімшілік-қылмыстық қудалау және қамауға алу секілді шаралар бар.  Бірақ алимент қарыздарының өсіп жатқанына қарап, бұл шаралар тиімсіз екеніне көзіміз жетіп отыр. 
Магеррам Мамедұлының айтуынша, мемлекеттік алимент қорын құру мәселені шешудің бірден-бір жолы ғана емес, сондай-ақ ол шетелдік тәжірибенің озық үлгісі.

   «Мемлекет балалы аналарға көмектесуі керек, Қазақстанда мемлекеттік алимент қорын құру қажет», - деді Магеррамов.

 – Мұндай тәжірибе Латвияда, Литвада, Францияда, Польшада өзінің тиімділігін дәлелдеді. Осылайша мемлекет отбасына қолдау көрсетеді. Содан кейін алимент төлеушілермен өзі айналысып, жиналған ақшаға өз шығындарын өтейді. Бұл – ең жақсы нұсқа, мұның арқасында  ана мен бала құқығы қорғалады, әрі мемлекет өзінің әкімшілік ресурсы арқылы борышкерден қарыз сомасын мәжбүрлеп қайтара алады. 

Қор, бірақ бұл басқасы…

Үкімет мүшелері мәселенің ұлғайып бара жатқаны мен оны шешу жолдарының тығырыққа тіреліп тұрғанын еріксіз мойындады. Бұл жағынан алғанда депутаттар өз дәйектерін қорғап шықты десек те болады. Бірақ ел Үкіметі мәселені шешу әдістеріне келгенде басқа жолды ұсынып отыр.

2019 жылы сол кездегі Әділет министрі Марат Бекетаев «Халық» партиясының идеясын жүзеге асыруға қатысты өз ұсынысын айтты. 23 желтоқсандағы үкімет сағатында ол әлеуметтік қордың құрылатынын мәлімдеді. Әлеуметтік және қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге арналған қор қаражаты, шенеуніктің айтуынша, республикалық сот орындаушылар палатасы мүшелерінің жарналары мен ерікті жарналардан құралуы керек.

 – Ешқандай табысы жоқ уақытша жұмыссыз борышкерге қордан алимент төлеу үшін несие беріледі, содан кейін жағдай жақсарған кезде алған ақшасын қайтарады», - деген еді Марат Бекетаев.

Бұл ретте экс-министр қордан берілетін несие нашақорлар мен маскүнемдерге берілмейтінін кесіп айтты. Сонымен қатар, қор сот орындаушылар палатасының қамқоршылық кеңесінің бақылауында болады деп айтылған. Оның айтуынша, қордың қызметі тек алимент өндірумен ғана шектелмейді, алайда негізгі фокус алимент өндіру болып қала береді.
Бекетаевтың осынау бастамасын 2022 жылы Әділет министрі болып тағайындалған Қанат Мусин тоқтатты.

– Сот шешімі шықса, алайда борышкер алиментін төлемесе, оның орнына қор төлесе, мұны сот орындаушыларының жарнасынан алып жүзеге асырса, бұл дегенің нонсенс деген еді сол кезде Қанат Мусин.

– Менің ойымша, бұл тиімсіз, өйткені ата-ананың алимент төлеу міндетін мемлекет мойнына ілу, біріншіден, әділетсіз, екіншіден, қымбатқа түседі, үшіншіден, төлеушілерді өз міндеттерін орындауға мәжбүрлемейді, – деді Мусин өз сөзінде.

– Балама берешегімді мемлекет төлесін, мен төлемеймін деп еркін жүріп-тұруы керек пе сонда, - деп Әділет министрі қатты кейіген еді. 

Көгерген ештеңе жоқ…

Бұл ретте алимент төлемеу мәселесінің қаншалықты қордаланып қалғанын Қанат Мусин мойындаған. Ол борышкерлердің ақшаны төлемеу үшін сот орындаушылардан жасырынып жүретінін немесе алиментті аз төлеу үшін жалақысын азайтып көрсететінін атап өтті. Сондықтан Жеке сот орындаушыларының өкілеттіктерін кеңейту мәселесін күн тәртібіне қойды.

– Мәселені шешу жолы ретінде Жеке сот орындаушыларына борышкерлерге әкімшілік хаттамалар рәсімдеу мүмкіндігін беру жоспарлануда», - деді экс-Әділет министрі Қ.Мусин, – Қазір олардың ондай құқығы жоқ, бұл алимент төлеушілерді жауапкершілікке тартуды қиындатады.

2023 жылы алимент төлемеу мәселесі тағы да көтерілді. Әділет министрлігінің мәліметінше, алимент өндіруге қатысты 300 мыңнан астам атқарушылық құжат сот орындаушыларының қолында болған. 97% жағдайда борышкерлер әкелер болған. Ол кездегі қарыздың жалпы сомасы 13 миллиард 218 миллион теңгені құраған. 

Сарапшылардың қай-қайсысынан сұрасаңыз да,  алимент өндіру институтының ескіргенін айтады. Заңның «Сот актілерін орындамау» бабынан қайран жоқ. Ал Жеке сот орындаушылар «алимент өндіру» істерінен басын алып қашуға тырысады. Өйткені қанша жүгіргенмен, еңбегің еш кетеді. 

Заңгерлер жағдайды заңнамалық деңгейде түзетуді ұсынды. Олардың пікірінше, борышкерге қатысты қатаң жаза қолдану тәсілі мәселені шешуде бетбұрыс жасайды. 
2023 жылдың сәуірінде депутат Магеррам Магеррамов тағы да мемлекеттік алимент қорын құруды ұсынды. Алайда Әділет министрлігі мұндай қорды құру мәселесі мүдделі уәкілетті органдармен бірнеше рет талқыланғанын, бірақ олар оны құру орынсыз деген қорытындыға келгенін атап өтті. 

Бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайылов алимент қорын құру ата-ананың жауапкершілігін төмендетеді деген пікірді қолдаған еді.
Үкімет пен министрлер кабинеті басшысының ауысуы мазасыз Магеррамовты қайтадан атқа қонғызды. Оның бұрыннан айтып келе жатқан ұсынысын жаңа Премьер-министр Олжас Бектенов қалай қабылдайды, оны уақыт көрсетер.