Жұмыс сапарымен Тарбағатай ауданында болып қайтқан аймақ басшысы Даниал Ахметов білім шаңырақтарының жағдайын тексерді. Жыл сайын мектептерді жабдықтауға көлемді қаржы бөлініп жатқанымен, Тарбағатайдағы ауыл мектептерінде салалық пәндерге арналған сыныптарда тозығы жеткен зертханалық құралдар қолданылуда. Осы орайда облыс әкімі өңіріміздегі білім саласына бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын толық тексеру қажеттігін кесіп айтты.
Тарбағатай ауылы Тұғыл ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте биыл үш бірдей «Алтын белгі» иегері қанат қаққалы отыр. Алайда бұл білім шаңырағында биология пәні сабағында 88-жылдан бері келе жатқан көрнекіліктер, ал физика пәнінен он жылдан астам уақыт бойы жаңартылмаған зертханалық құралдар қолданылуда.
– Білім саласына биыл бюджеттен 106 миллиард теңге бөлдік. Бірақ, көріп тұрсыздар, мына көрнекіліктерге қырық жыл болған. 106 миллиард теңгеге жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға болмай ма, сонда? Бұдан бөлек, «Менің мектебім» бағдарламасы аясында осы салаға екі жарым миллиард теңге тағы құйып отырмыз. Жаңаруға деген ешқандай ұмтылыс жоқ. Сонда аудан әкімі, білім басқармасы, жергілікті білім бөлімдері қайда қарап отыр? Бұл үлкен мәселе. Облыс бюджетінің үштен бір бөлігін құрайтын сала қызметіндегі салғырттықты көріп отырмыз. Өңірдегі бірқатар мектептерді өзім аралап, көріп жүрмін. Ақша қайда, қалай жұмсалып жатқанын май шаммен тексеру туралы тапсырма беремін, – деп ескертті облыс әкімі Даниал Ахметов.
Тексеру шаралары тек Тарбағатай ауданында емес, облыс көлемінде жүргізілетін болады. Қағаз емес, іс жүзінде атқарылған істер тексеруден өтпек. Десе де, аталған білім шаңырағының ұстаздары мен оқушылары білім көрсеткіші бойынша ауданда үздік үштікте. Ағылшын тілін меңгерген мұғалімдер ішінде «Selta» сынағында ең жоғары нәтиже көрсеткен де осы мектептің оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары.
Айта кету керек, Тарбағатай ауданындағы Ақжар ауылында бүгінде 600 орындық жаңа мектеп пен 300 балаға шақталған интернат құрылысы жүргізілуде.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ