Қаржы вице-министрі ШҚО тұрғындарымен кездесті

1070
көрілім

ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесу өткізді.

 

Кездесуде Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Саят Бимағамбетов баяндама жасады.

Басты назарда бюджеттің атқарылуы, жеке тұлғалардың банкроттығы, көлік құралдарын заңдастыру, арнайы бөлшек салық режимін қолдану, жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ, бюджет, салық және кеден заңнамаларын жетілдіру мен т.б. мәселелер қарастырылды. 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облысы салық төлеушілерінің саны – 782 946 құрады, оның ішінде заңды тұлғалар – 15877, жеке тұлғалар – 767 069. Облыстың экономикалық тұрақтылығын өнеркәсіп айқындайды және өңірдің негізгі экспорттық тауары өнеркәсіптік өндіріс өнімдері болып табылады.

Осы жылдың 3 наурызынан азаматтардан банкроттыққа өтініштер қабылдау басталды. 2023 жылғы 23 мамырдағы жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облысынан 1 339 өтініш түсті, оның ішінде 173 азаматқа қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі басталды. Көрсетілген борышкерлер бойынша мәліметтер «Электрондық үкімет» веб-порталында орналастырылған. Елімізде көлік құралдарын заңдастыру процесі басталғаннан бері ШҚО бойынша  2 522 көлік құралы заңдастырылған.

Сонымен қатар Е.Біржанов облыс тұрғындарын «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң мен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы туралы ақпараттандырды. Кездесу барысында Вице-министр Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, баспасөз конференциясына қатысты, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдады.