Қаржылай көмек көрсетілмек

314
көрілім

Елімізде «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтардың алғашқы жарнасын арзандату үшін жалпы саны 50 мың данадан кем емес тұрғын үй сертификаттары шығарылмақ.

«Баспана» ипотекалық ұйымының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сай, Қазақстан халқына жыл соңына дейін 10 мыңдай сертификат тапсырылмақ. «7-20-25» сертификаттары бюджеттік сала қызметкерлері үшін алғашқы жарнаны едәуір жеңілдету мақсатында әзірленіп отыр. Сертификаттарды қала және облыс әкімдіктері өз тұрғындары арасында үлестіретін болады.

– Елбасы жергілікті бюджеттен жеңілдетілген ипотеканың алғашқы жарнасын субсидиялау бойынша жан-жақты жұмыс жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да жергілікті өңірлерге қажетті мамандық иелері үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыра түспек. Біз «Нұр Отан» партиясының қолдауымен алғашқы жарнаны азайту бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Және аталған шаруаны қызу дөңгелетіп, осы аптадан бастап әр өңірлерде «7-20-25» сертификаттарын бере бастаймыз, – деді «Баспана» ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.

«7-20-25» сертификатының орташа номиналы 1 млн. теңгені құрайтын болады. Демек, жергілікті атқарушы органдар тарапынан «7-20-25» бағдарламасына қатысуды ынталандыру үшін кем дегенде 50 млрд. теңге бөлінбек.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ