Қазан айының басында Семей қалалық полиция басқармасы Әуезов полиция бөлімінің қызметкері әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында әлдекімнің кастет сатпақ болғаны туралы жарнаманы байқаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Семей қалалық полиция басқармасының бастығы Шалқар Құнанбаевтың айтуынша, аталған ақпаратты тексеру үшін Криминалдық полиция бөлімінен арнайы топ құрылды.
- Күдіктіні анықтау үшін полиция қызметкері өзін сатып алушы ретінде таныстырады. Сатушы заң бойынша алып жүруге рұқсат етілмеген суық қаруды тұрғылықты жерінен тұтынушыға жеткізбек болады. Нәтижесінде күдіктінің Семей қаласының 18 жастағы тұрғыны екені анықталып, жауап алу барысында студент кінәсін мойындады, - деді ол.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.