Елдегі төтенше жағдайға байланысты қауіпті індеттің алдын алу мақсатында Өскемен гарнизоны әскери полиция бөлімінің жеке құрамы Полиция басқармасымен бірлесе отырып қаладағы тұрғындар көп шоғырлантын орындарда тәртіпті күшейтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Полиция қызметкерлері төтенше жағдай кезінде қала тұрғындарынан адамдар көп топтасқан ортаға бармауларын талап етуде.
– Індеттің алдын алу мақсатында қаладағы адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда тәртіп күшейтілді. Атап айтар болсақ, базарларда, авто және теміржол бекеттері қатаң түрде қадағалануда. Сонымен қатар қалада әскери қызметшілер мен арнайы әскери техника құралдарының көмегімен көшелерді залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде, – дейді Өскемен гарнизоны Әскери полиция бөлімінің бастығы подполковник Серік Сулейменов.
Оның айтуынша қала ішіндегі көлік қозғалысы да қатаң түрде бақылауға алынбақ.