Онкология тақырыбы – отандық медицинадағы өзекті мәселелердің бірі. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 37 мың адам аты жаман аурумен бетпе-бет келеді. Соңғы жиырма жылда елімізде қатерлі ісікке шалдығу 25 пайызға артса, өлім-жітім саны 33 пайызға кеміген. Статистика бойынша, Шығыс Қазақстан да аурулар саны бойынша алғашқы үштікте. Осы орайда ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас онкологы, медицина ғылымдарының кандидаты, MBA Гульмира Сагидуллинамен қатерлі ісіктің өңірдегі себеп-салдары туралы әңгімелескен едік.
- Ең алдымен, өзіңіздің еңбек жолыңыз туралы айтып берсеңіз…
- 1992 жылы мен Семей мемлекеттік медицина институтын тәмамдадым. Одан кейін интернатурадан өттім. Негізгі мамандығым – анестезиолог-реаниматолог. Студенттік өмір қақпасын жапқан соң, мен ашатын басқа есіктер пайда болды. 1997 жылы осы орталыққа келіп, еңбек жолымды бастадым. 6 жыл анестезиолог-реаниматолог болып жұмыс істеп, іле бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалдым. Ал 2015 жылы ШҚО Оңалту орталығына бас дәрігер болып ауыстым. Ол кезде орталық құрылысы енді басталып жатты. Алғашқы кірпішін өзіміз қаладық деуге болады. Құрылыс жұмыстары, мамандарды тарту, жаңа қызмет түрі – барлығын кезең-кезеңімен өткердік. 2016 жылдың қаңтарында орталықтың ашылу салтанаты өтті. Бір жылдан аса жан-жақты жұмыс істедім. 2017 жылы мені ШҚО КОжХО директоры болып тағайындады. Тағы 5 жылдан соң ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне ауыстым. Өткен жылдың қыркүйегінен өзімнің ұжымыма қайта оралып, жұмысымды үздіксіз атқарып келемін. 2010 жылы “Сүт безі қатерлі ісігі скринингінің медициналық және экономикалық негіздемесі” тақырыбында кандидаттық диссертациямды сәтті қорғап шықтым. 2019 жылы Алматы менеджмент университетін MBA дәрежесі бойынша тәмамдадым. Бұл маған басқару ісінде қажет білім.
- Онкология дегеніміз не?
- Онкология – түрлі ісіктердің пайда болу процессін зерттейтін ғылым. Ол қатерлі және қатерсіз болып бөлінеді. «Рак», «онкология» ұғымдары дәл осы қатерлі ісік түрін меңзейді. Онкологияның міндеті – ерте диагностика мен профилактика. Адам ағзасындағы өзгерістерді неғұрлым ерте анықтасақ, емдеу де соғұрлым нәтижелі болады. Өлім саны азайып, 5 жылдық өмір сүру деңгейі артпақ. Облыста онкологиялық ауру көрсеткіші жоғары. Біз өз тарапымыздан ісіктің бар екенін дер кезінде тауып, оны емдеуді бірден қолға алудамыз. Ауру саны оны анықтау санымен тепе-тең. Ерте диагностиканың да мәні осында. Егер науқастар мен өлім-жітім саны артып, ерте диагностика мен 5 жылдық өмір сүру деңгейі кемісе, бұл өңірде онкология саласы жұмыс істемейді дегенді білдірер еді.
- Өңірде қауіпті ауруға душар болғандар саны қанша? Қатерлі ісіктің қай түрі жиі кездеседі?
- Биыл 5 ай ішінде облыста қатерлі ісіктің 1029 жағдайы тіркелді. 35,2%-ы бастапқы кезеңінде анықталған. Көбінде 60 жастан асқан кісілер ауырады. Оның ішінде, әйел адамдарда онкология жиі кездеседі. Халықтың бұл санаты ерекше бақылауда болуы тиіс. Себебі, жасы ұлғайған сайын адам денсаулығы сыр беріп, басқа да диагноздар қосылады. Біздің өңір егде жастағы тұрғындары көп аймаққа жатады. Бұл да статистикаға әсер етеді. Алғашқы орында сүт безінің қатерлі ісігі тұр. Кейін өкпе обыры мен тоқ ішектің қатерлі ісігі жиі тіркеледі.
- Обыр санының артуы бойынша облыстың алдыңғы қатарда тұруы экологиямен байланысты ма?
- Иә, республика көлемінде СҚО, Қостанай, ШҚО, Абай өңірлерінде ауру саны көп. Егер біз экологиялық жағдайды басты себеп деп танысақ, аталған аймақтарда ондай мәселе жоқ. Әрине, жұтқан ауа мен ішкен су адамның денсаулығына әсер етеді. Бірақ бұны негізгі фактор деп айтпас едім.
- ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып берсеңіз...
- Өмірімнің көп бөлігі осы орталық қабырғасында өтті. 25 жылдан астам уақыт осы жерде қызмет етіп келемін. Алғаш жұмысқа келгенімде ескі ғимараттан көшіп жатқан кез еді. Ол кезде бір ғана корпус болды. Кейін басқа ғимараттар салынып, қызмет қарқын ала бастады. 2017 жылы облыс әкімінің денсаулық сақтау саласын модернизациялау жөніндегі бағдарламасы бекітілді. Озық техника түрлері әкелінді: УДЗ, рентген, компьютерлік томография, МРТ 3,0 тесла. Бөлімшелер жаңартылып, дәрігерлердің де жұмысы алға басты. Ерте диагностиканың арқасында оң статистика тіркеле бастады. Орталықта бірнеше бөлімше жұмыс істейді: онкохирургия, маммология және онкогинекология, химиотерапиялық, консультациялық-диагностикалық, операциялық, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия, радиациялық онкология бөлімшелері. Сондай-ақ сәулелік диагностика бөлімшесі бар. Мұнда түрлі сәулелердің көмегімен ағзаны кешенді тексеру мүмкіндігі бар. Яғни, ісікті анықтау кезінде басқа дене мүшелеріне зақым тимейтіндей технология қолданылады. Оңалту бөлімшеміз де барлық талаптарға сай. Жақында оңалту орталығын міндетті стандарт протоколына енгізді. Ал біздегі бөлімше облыстағы алғашқылардың бірі болып 1997 жылы ашылған. Мекемеде жоғары технологиялық медициналық көмектің сирек кездесетін 4 түрі ұсынылады. Мұндай жайт кез-келген орталықта кездесе бермейді. Тұрғындар басқа қалаға бармай-ақ, бізде тегін емделе алады. Өкінішке қарай, дертке ем таба алмайтын жағдайлар да кездеседі. Мұндай науқастарға паллиативтік көмек және жалпы терапия бөлімшесінде қызмет көрсетеміз. Корпустардың ішкі және сыртқы жағдайына мән береміз. Осы айда тағы үш қабатты жөндеу жұмыстары басталады.
- Сонда аудан тұрғындары қалай тексеріле алады?
- Онкоқызмет 2 сатыдан тұрады. Біріншісі – МСАК, ОДА, ФАП, емханалар. Екіншісі – онкологиялық орталықтар. Азаматтар тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелген емханада тексерістен өтеді. Әр емханада науқастарды қарайтын бөлме болуы тиіс. Визуалды локализация арқылы дененің терісі, ауыз қуысы, шаш бөлігі, қалқанша безі сынды көзге көрінетін аймақтар тексеріледі. Егер қаңдай да бір күдік пайда болса, «Жасыл дәліз» арқылы жедел талдамалар алынып, бірден бізге жіберіледі. Уақыт жоғалтып, асқынған дертпен келетіндер болады. Мұндай жағдайды азайту үшін бізде ахуалдық орталық бар. Бағдарлама арқылы қай ауданда қанша науқас бар екенін, оның қанша уақыт бойы ауырып жүргенін бақылап отырамыз. Егер тұрғын әлі біздің орталыққа жеткізілмесе, емханамен байланысқа шығып, жағдайды анықтаймыз. Дәрігерлеріміз әр ауыл-аймақ пен медициналық мекеме кураторлары. Бірқатар ауданға барып, жағдаймен танысып келді. Жуықта Алтай ауданына іс-сапар жоспарланған.
- Жаман ауруға шалдыққан науқастарға қаңдай психологиялық көмек көрсетіледі?
- Орталықта психологтар мен әлеуметтік қызметкер бар. Олар бірнеше бағытта жұмыс істейді. Ең алдымен, пациентке диагнозы туралы хабарлағаннан бастап қолдау көрсетеді. Себебі, мұндай жағдайды әр адам әртүрлі қабылдайды. Психолог бүкіл ем барысында науқаспен бірге жүреді. Қажет жағдайда жеке немесе топтық сабақтар жүргізеді. Екіншіден, оның отбасымен, туыстарымен байланыс орнатып, кеңес береді. Үшіншіден, қызметкерлеріміз тренингтер мен тимбилдингтер өткізеді. Бұл олардың жұмыс барысында стресске түсіп, шаршап-шалдыққан сәттерін азайту мақсатында жүзеге асады.
- Онкологияға шалдыққан адам мүгедектік мәртебесін ала алады ма?
- Обыр анықталған жағдайда 4 ай бойы кешенді ем-дом шаралары жүргізіледі. 120 күн өткен соң біз науқастың деректерін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жібереміз. Ол жақта мүгедектіктің қай дәрежесі берілетіні анықталады.
- Сондай-ақ онкология және хирургия орталығының мамандары шетелде білім алмасып, тәжірибе жинап келгенін білеміз. Осы жайлы айтып берсеңіз?
- Иә, біз дамыған мемлекеттердегі алдыңғы қатарлы емханаларға барып, тәжірибе жинадық. Ең ұзақ іс-сапарымыз 2017 жылы Лондонда болды. Әріптестерімізбен 3 ай сонда тұрып, Guy’s and St Thomas’ Hospital онкология орталығында жаңа технологияларды меңгердік. 6 жылдың ішінде 50 дәрігер Германия, Ұлыбритания, Израиль, Франция, Корея, Ресей елдерінде оқып келді. Соңғы жылдары бұрын болмаған 23 жаңа технологияны енгіздік. Бір кездері халықтың көбі ем іздеп, шетелге шығуға мәжбүр болса, соңғы 5 жылдың ішінде облыста бұл көрсеткіш төмендей түсті.
- Дегенмен шетелдік емханаларға барып, мол қаражатты талап ететін ем-дом алуды жөн көретіндер әлі бар. Мұның себебі неде?
- Иә, мүмкіндігі бар адамдар Корея, Түркия мемлекеттеріне шығып жатады. Бірақ олар емнің бір реттік курсын алып, қайтадан осында оралады. Ары қарай біздің орталықта емделуді жалғастырады. Көбінесе азаматтар сол жақтағы мамандардың пікірін білу үшін барып жатады. Бірақ біз де еуропалық хаттама бойынша жұмыс істейміз. Германияның Мюнхен, Лейпциг қалаларында тәжірибе жинап келген әріптестеріміз басқа мемлекеттерден біздің еш айырмашылығымыз жоқ дейді. Қызмет көрсету және науқастармен байланыс орнату сапасын барынша жақсартып жатырмыз. Керісінше, ем алуға ниетті шетелдіктер саны көбеюде. Былтыр итальяндық әйел сүт безі қатерлі ісігіне ота жасату үшін арнайы келген болатын. Моңғолия, Қырғызстан, Ресей, Украина елдерінен де атізін салады. Осы тұста медициналық туризмді дамыту үшін арнайы маркетинг бөлімін құрдық.
- Қатерлі ісіктің алдын алу үшін не істеу керек?
- Дұрыс тамақтану, күннен қорғану, салауатты өмір салтын ұстану қажет. Бұл профилактиканың негізгі тұстары. Алкагольді сусындар мен шылым шегуден бас тарту керек. Темекі тек өкпе обырын тудырмайды, бұл ғылыми дәлелденген. Сонымен қатар күзде қыздарды АПВ вирусына қарсы міндетті вакциналау басталады. Бұл да жатыр мойны обырының алдын алуға ықпал етеді. Профилактиканың тағы бір түрі – ерте диагностика, дәрігерлік тексеру, скринингтен өту. Бүгінгі күні адам өміріне тек дәрігерлер жауап береді деген пікір қалыптасқан. Бұл – қате. Әр азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Егер өзін күтпесе, медицина да қауқарсыз боп қалуы мүмкін. Профилактикалық шаралардың арқасында қатерлі ісікті дереу анықтап, оны заманауи технологиялардың көмегімен жеңуге мүмкіндік туады.
- Қазіргі таңда қоғамның қатерлі ісік туралы көзқарасы әртүрлі. Онкология туралы естісе, қорқынышпен қарайтындар көп. Осы жайында не айта аласыз?
- Осыдан 20 жыл бұрын газет-журнал беттерінде химиотерапиядан шашы түсіп, өңі қашқан адамдардың суреттері жиі кездесетін. Бірақ бұл ауруды жеңуге болады. Біздің орталықта толық ем курсын алып шыққандар ары қарай да бақылауымызда болады. Бірінші жылы әр 3 ай сайын тексеріліп тұрады. Одан кейін жарты жыл сайын келеді. Асқынбай тұрып уақтылы қаралғандар бұл дертпен күресіп, құлан-таза айығып кетуде. Осындай мысалдар өте көп. Соныдықтан «қатерлі ісік – бұл үкім емес, одан қаймығып керегі жоқ» дегім келеді.
- Әңгімеңізге рахмет!
Қымбат МУХАМАДИЕВА