Өңір, республика, одан қалса жаһан жаңалықтарынан «сен де хабардар бол» деп әр апта сайын есік қағып, қожайын жоқ болса сөмкесіндегі хаты мен газет-журналдарын қашаға қыстырып кете беретін пошташылар бұл жолы қалыпты жұмыс үдесінен шыға алмаған сияқты. Дегенмен мәселеге біржақты көз тастап, асығыс ой қорыту әбестік болар. Аққайнарлық қариялардың көңілін күпті еткен жайтты аудан басшылығынан сұрастырып, анықтап көрген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Еңбек демалысында болған»
Бұл жерде зейнеткерлер зейнетақысын алу үшін Катонқарағай ауылына барып жүргендерін, ал апта сайын жеткізілуі тиіс газет уақтылы келмейтіндігін алға тартты. Дегенмен бұл сауал әкімдік мамандарының құзыретіне жатпағандықтан жауапты тұлғалар сұраухатты аудандық «Қазпошта» акционерлік қоғамы ШҚО филиалының Катонқарағай аудандық пошта байланыс торабына жолдаған екен. Ол жақтағылардың айтуынша, газет Аққайнар ауылына жұма күні жеткізіліп, сол күні-ақ оқырмандарға таратылады.
– Кестеге сәйкес пошта аптасына үш рет (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) жеткізіледі. Аққайнар ауылындағы пошта байланыс бөлімінің басшысы қазан айында еңбек демалысында болғанымен газет уақытыл таратылып тұрды. Соның ішінде қазан айының 30-да жеткізілген газет келесі күні оқырмандар қолына тиді, – дейді аудандық байланыс торабының басшысы Жайнагүл Сапенқызы.
Қариялардың қапалануы да осыған байланысты. Дей тұрғанмен олар пошташылар тек қазанның 30-ы емес, оған дейін де газет жеткізбегендіктерін алға тартты. Одан бөлек, зейнетақыларын алу үшін Катонқарағай ауылына ат арытып баруға мәжбүр. Осыған дейін «Зейнетақы төлемі бойынша Мемлекеттік орталық» ШҚО филиалының директоры Жанат Өмірғалиева қаржы «Қазпошта» АҚ-ға түскен соң бес күн ішінде зейнетақы зейнеткерлердің үйлеріне дейін жеткізілуі тиіс екендігін мәлімдеген болатын. Алайда аққайнарлық ақсақалдардың айтуынша, олай болмай тұр.
– 80-нің сеңгіріне шыққан қариялар қашанғы басқа ауылға барып, сабылып жүреді. Соңғы уақыттары пошта қызметкерлері жұмыстарына атүсті қарап, кейде мекеме мүлде жабық тұрады, – деген зейнеткер осы жайт округ әкімінің құлағына жетсе де еш әрекет болмай тұрғанын ашына айтты.
Бақылауына алмақ
Осы ретте аудандық байланыс торабы басшысының өз уәжі бар. Жұмыстың уақтылы орындалмауының салмақты себебі бар көрінеді. Жұмысқа жауапты пошташының баласы сырқаттанып, қазан айының 30-ы күні ауруханаға түскен. Зейнеткерлер наразылығы да осы күнмен сәйкес келсе керек, дауыл алдындағы дабыл қағып, тағат таппаған. Бір есептен, 80-нен асқан ақсақалдардың талап-тілегі де орынды. Газет те, зейнетақы да уақтылы жеткізілуі тиіс.
– Бөлім басшысы қазан айы бойы өз міндетін мүлтіксіз орындап, «Қазпочта» қызметін көрсетіп келді. Ол жоқ кезде жұмысты Қызыл жұлдыз ауылының операторы қолға алып, сегіз күн қосымша міндетті алып жүрді. Зейнетақы мен жәрдемақы уақтылы төленіп отырды. Қазан айында терминал жөндеуде болып, қазір іске қосылған. Аққайнар ауылында банкомат жоқ. Оның себебі мұнда 900-дей тұрғын бар, – деді Жайнагүл Сапенқызы.
Осылай деген байланыс торабының басшысы алдағы уақытта олқылықтың орны толатындығына еш шәк келтірмеді. Маңыздысы сол, қараша айынан бастап барлығын өз бақылауына алып, газет-журналдар уақтылы таратылатындығын жеткізді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ