Өр Алтайдың төскейін саялаған шағын ауылдың шымыр мәселесі бүгін ғана бас көрсетіп отырған жоқ. Бұқтырманың бұлаң мінезіне бағынышты болған елді мекен ауызсуға бірде жарып, бірде жарымай отырады. Асау өзен тасыса жағадағы тұманы тып-типыл етіп, ел-жұртты таза су іздетіп әуреге салып қояды. Кезінде тіршілігі қайнаған ауыл бүгінде ауызсуға зәру болып отыр. Жергілікті билік бұл ауылға мемлекеттік бағдарлама арқылы ауызсу тарту мүмкін еместігін айтады. Десек те, таза судың тауқыметін тартқан қайыңдылықтар «Суы мен нуы мол өңірде сусыз отыру мазақ па?» дейді. Бас ауыртып, балтыр сыздатқан мәселе «Жиналыстарда көтерілгенімен, әкім-қаралардың қарайласар түрі жоқ» деген ауыл тұрғындары сайт редакциясына хабарласып, мән-жайға тереңірек үңілуді сұрады…
Ауызсудың зары өтті!
– Ауылдық округтің бұрынғы әкімі, марқұм Мырзабаев Тілеубек мектеп жанындағы құдықты жөндетіп беремін деп уәде етіп еді, – дейді Рабиға Ошақбаева есімді ауыл тұрғыны. – Енді ол кісінің көзі жоқ. Ауыл тұрғындары Бұқтырмадан су алып ішуге мәжбүр болып отыр. Бұқтырма тасыған кезде бұрындары алып жүрген жерді басып кетіп, енді бір шалшық судың орнын қазып алдық. Оны тексерген ешкім жоқ. «Ағын судың арамдығы жоқ» деп іше береміз ғой. Өзеннің жоғарғы жағы толған ауыл-аймақ. Мал-жанның нәжісі ағатын су ғой! Ертеңгі күні одан не шығарын кім білсін?! Қыста Бұқтырманың мұзын ойып ішсек, жазғытұрымғы және күзгі уақытта таза су іздейміз. Ауылдың басындағы тұма тым алыс. Ол жерден екі шелек суды көтеріп әкелу – әуре, ал арбамен бару ми балшықта мүмкін емес.
Мәселені бас болып көтеретін адам болмаған соң жиналыстарда айтуға мәжбүр екенін алға тартқан оқырман су мұнарасын қайта қалпына келтірмей-ақ, қолмен шайқап шығаратын колонка орнатып берсе де жақсы болатындығын айтады.
– Ауылдың көптеген адамдары ауызсуды Бұқтырмадан тасып ішеді, – дейді Мақажанова Кәмәш есімді келесі тұрғын. – Біздің өзіміз де көрші үйден алатынбыз. Жарты ай болды ауламыздан құдық қазып алып көзім ашылды. Қалған ел әлі сол қалпы ағын суды азық қылып отыр. Қазір өзімде шама жоқ. Бұқтырманың жарқабағынан түсіп су алудың өзі машақат. Жасырақ кезімде дәл сол жерде жығылып қалып, әзер есімді жиғанмын. Ауылдың төменгі жағындағы тұрғындар ауызсу іздеумен жүреді. Жаңбыр жауып, жер балшыққа айналған кезде кейбірі ауылдың жанындағы бұлақтан да су алады.
– Аудандық мәслихат хатшысы Дүйсен Бралинов ауызсу мәселесін шешіп беруге уәде етіп еді, – дейді Бағди Смағұлова есімді ауыл тұрғыны. – Елдің көбі лас су ішіп отыр. Бәріміз де салықты уақытында төлейміз. Мемлекеттің бізге қарайласатын жөні бар. Колонка орнатып берсе болады, басқа ешнәрсе сұрамаймыз. Анау ирек шатырға ұқсас жол мәселесін айтпай-ақ қояйық. Бір кездері мектеп маңындағы дайын ұңғымаға (скважина) қолмен шайқап су шығаратын колонка орнатқан болатын. Кейін онысы істемей қалып, Аққайнар ауылдық округі әкімінің мамандары келіп «бетін жөндетіп әкелеміз» деп әкеткен күйі кері қайтпады.
Ақшаның жоқтығын алға тартқан әкімдік қызметкерлері қара темірді қайтармаған.
Шешімін табуға тырысамыз…
Сайт тілшісіне телефон арқылы жауап берген Катонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Дүйсен Бралинов Қайыңды ауылындағы ауызсу мәселесінің шешілмей келе жатқанын айтады.
– Ауылдағы ауызсу мәселесін жақсы білемін. Жалпы бұған дейін аталмыш ауылда екі ұңғыма болған, бірақ оларға жергілікті тұрғындардың өздері тас толтырып, іске жаратпай тастады. Біраз бұрын барып ауылдағы осы ұңғыманы тексеріп көріп едік, түбіндегі суы төмен түсіп кеткен екен. Енді жаңадан ұңғыма қаздырып, ішіне насос түсірсек пе деген ойдамыз. Жанына электр есептегіш құрылғысы бар дүңгіршек орнатуымыз мүмкін. Ауызсумен осылайша қамту біздің тәжірибеде бар, яғни осыған дейін Өрнек, Барлық сияқты ауылдар ауызсумен дәл осылай қамтылған. Ол үшін жергілікті тұрғындардың да қолдауы болса игі болар еді. Өкінішке қарай, аталған ауыл тұрғын санының аздығына орай мемлекеттің ауызсумен қамту бағдарламасына енгізілмейді. Өткен жылдары шағын ауылдың барша тұрғындары бірлесе қаржы жинап, мемориалдық ескерткіш орнатқан еді. Енді құдыққа да осындай демеушілік танытса деймін. Оның үстіне ауылдан шыққан қайырымды қалталы азаматтар да жоқтың қасы. Жақын күндері Аққайнар ауылдық округінің әкімі сайланады. Жаңа әкіммен аталмыш мәселе жайлы ақылдасып, ауылдың түйткілді мәселесін бір жағына шығарамыз деген ойдамын…
Жоспарда жоқ емес!
Сайт редакциясына ресми хатпен жауап берген Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев Қайыңды ауылының тұрғындары Бұқтырма өзенінің суын пайдаланбайтынын алға тартады.
– Аталмыш су көздеріне жыл сайын «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ШҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің Катонқарағай аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» РММ ауыл тұрғындары ауызсу алатын екі бастау мен бір колонкаға сараптама жүргізеді, – дейді Ренат Тілеуханұлы. – Сараптаманың оңды қорытындысы бойынша, аталмыш су көздері ауыл тұрғындарының денсаулығына зиян келтірмейді. Қайыңды ауылына 1961 жылы су жинайтын мұнара, су ұңғымалары орнатылған. Сол себепті су ұңғымасын зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Алдағы уақытта аталмыш ауылда суға геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарда барын айтқан шенеунік бұл шараны «КазВзрывПроект» ЖШС ұйымдастыратынын алға тартты.
– Зерттеу нәтижелерінен кейін жерасты су қорлары жеткілікті болса ауылдағы су құбыры жүйелерін қайта қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді, – дейді аудан әкімінің орынбасары. – Ауыл ішіндегі су ұңғымасын зерттеу жұмыстарының нәтижесінен кейін ауылдық округ әкімшілігі тарапынан бюджеттік сұраныс жасалады. Қазіргі уақытта ауыл ішіндегі бастау көздеріне абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
***
Демек, үміт жоқ емес! Ауданның лауазымды азаматтары алдағы уақытта ауылдағы ауызсу мәселесін біржақты етуді ойлап отырған сыңайлы. Десек те, басы таудай басталған бастаманың соңы қылдай болып қалмаса игі. Ал мемлекетпен серіктес болып ел-жұртына қайырымдылық істеуді ойлаған ауыл азаматтары болса тіпті жақсы. Тек қолға алынған іске оңды көзқарас болса болғаны, қайыңдылықтарға лай тұманың емес, суы стандартқа сай құдықтың суын ішер күн алыс емес деген ойдамыз. Уақыт өткізе келе мәселенің шешілу барысына қайта оралатын боламыз.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фотосуреттер авторы: Тлеубек Шаяхметұлы