Катонқарағай ауданында әуежай құрылысының басталмауына не себеп?

17559
көрілім
Шартты фотосурет

Қазір бұл тақырып төңірегінде ой-пікірлер жиі айтыла бермейді. Қандай да бір қиындықтың туындағаны хақ. Алдымен таңданыс туғызып, кейін кейбір сарапшылар оқыстан айтыла салған ой дегенге ойыса бастады. Солай да шығар. Дегенмен жағдай көпшілік ойлағандай бақылаудан шықпаған сыңайлы. Естеріңізде болса, осыдан алты жылдай бұрын Катонқарағай ауданында халықаралық әуе рейстері ұйымдастырылуы мүмкін деген әуежай құрылысы жайлы жаңалық тараған болатын. Дегенмен қазір бұл жайында айтыла бермейді. Неліктен? Бұл жөнінде аудан әкімдігі жауап берген еді.

«Арнайы жабдық жоқ»

Қазіргі уақытқа дейін көркіне көз тоймас көрікті өлкеге туризм, соған саятын көптеген қызмет түрлерін өркендету мақсатында мейлінше мән берілуде. Облыс әкімдігі нұсқаулық берсе, қозғаушы күш қызметін атқаратын жергілікті меценаттар шама-шарқыларынша қаржылай қолдауларын білдіріп-ақ келеді. Жергілікті бюджеттен де белгілі бір соманың бөлінетіндігін айта кеткен жөн. Ал тақырып әуежайға қатысты болса онда тек қана ресми мәліметке сүйене отырып ақпарат ұсынған жөн. Себебі аудан әкімдігінің қарбаласы мен жауапкершілігі мол жұмыс төңірегіндегі қыбыр еткен қадамы өзінше маңызды. Аудандағы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жанар Сәрсенбаеваның айтуынша, бұрын ЯК-40, ИЛ-14, АН-24, АН-2 типті әуе кемелері мен барлық үлгідегі тікұшақтарды қабылдайтын «Д» класты әуежай жұмыс істеген. Нақты қай жылдар екені көрсетілмеген, әйтсе де ол аудан мен облыс орталығы аралығында жыл көлемінде тұрақты қатынаған көрінеді.

– Қазіргі уақытта Үлкен Нарын ауылының оңтүстік-шығысына қарай 1200 метр жерде орналасқан жер учаскесі мен әуежай ғимараты «Алтай» шаруа қожалығының меншігінде (басшысы А. Аяғанов). Нысандардың жағдайы қанаттанарлықсыз, арнайы жабдық жоқ, – дейді бөлім басшысы.

Жар салған жыл

Белгілі болғандай, 2015 жылы «Қазаэропроект» акционерлік қоғамы облыстық қазына есебінен 13,2 млн теңге қаржыға «Катонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылындағы әуежай құрылысы» нысаны бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленген. Мемлекеттік сараптаманың 30.03.2015 жылғы қорытындысы алынып, құрылыс нысаны 4,5 млрд теңгені құрады. Осы сома сөз етілмей тұрғанға дейін аудан басшылығы әуежайдың заманауи әрі дизайн тұрғысында озық шығатындығын жаһанға жар сала жеткізген-тұғын. Аудандағы қоршаған ортаның айрықша әсемдігі арқаландырып жіберсе керек, өңірдің инфрақұрылымын алға бастыратын ауқымды жұмыс деп осыны басшылыққа алды. Соның нәтижесі қайда деген сауал туындайды. Бұған қатысты ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 2015 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне салалық сараптама алуға инвестициялық ұсыныс жіберіпті. Қазір уақытта әуежай құрылысының орындылығы мәселесі қарастырылуда. Егер орынсыз деп танылса, сонда құрылыс басталмай ма мүлде?

– Айта кетейік, аудан орталығы Үлкен Нарын ауылында әуежай салу туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Аудан әкімдігі тарапынан «Қазаэропроект» АҚ сұрауына сәйкес жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қажетті бастапқы материалдар берілген (жобаның сметасының алдын ала құны – 100,437 млрд теңге), – дейді әкімдіктегілер.

Жауапты жұмыс алдында атқарылған тірліктер

Атқарылған жұмыс

1

Ауданы 87,5 га әуежай құрылысына жер учаскесі бөлінді

2

Электрмен жабдықтауға, байланыспен қамтамасыз етуге, сумен жабдықтауға, кірме жолдарға техникалық шарттар беру бойынша жұмыстар жүргізілді

3

Қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау орны анықталды

4

Орман қорғау белдеуін құру мәселесі шешілді

Үміт жоқ емес, бар

Тағы бір айта кетерлігі, жоба Азаматтық авиацияның қазіргі заманғы талаптарына сәйкес келетін әуежай құрылыстары мен ұшу-қону жолағының құрылысын қамтиды. Ал халықаралық деңгейдегі әуежай құрылысы осы жобамен жоспарланбаған.

Сөйтіп бір сауалдың жауабы табылып қалғандай. Әуежай құрылысы қолға алынғанның өзінде әлеуеті халықаралық рейстер ұйымдастыруға жеткіліксіз. «OST-проект» ЖШС-дан әуежай құрылысына жұмыс жобасын әзірлеуге 58 млн теңге сомасына баға ұсынысы алынғанымен, ШҚО Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы қабылдамады. Бір жерден бастама танытылса, келесі бір тарап кейінге тартып жатқандай. Жалпысында ел-жұртты елең еткізген құрылыс мүлде қолға алынбайды деу әбестік болар. Инвестициялық ұсыныстың жіберілуі, халықаралық деңгейдегі әуежай құрылысының арнайы жобамен жоспарланбауы әлсін-әлсін болсын бір әрекеттің барын байқатты. Оған қоса, «Катонқарағай ауданын дамытудың кешенді жоспарына» сәйкес Үлкен Нарын ауылында әуежай құрылысы бойынша бір жоба қосылмақ» деген мәлімет те осы ойымызды салмақтай түсетіндей.

Дей тұрғанмен 2015 жылы аудан әкімінің «Ауданда заманауи әуежай салынады» дегені асығыс айтыла салған сыңайлы. Тым құрығында ықтималдық тұрғысынан мәлімдегенде соншама жыл қақпасы құлыптаулы тұрған қамалға қайта айналып соғуға (осы тақырыпты қозғау) түрткі болмас пе еді?!

Әділхан ЕСІМХАНОВ