Катонқарағай ауданында әйел адам апайының күйеуін пышақтап тастаған

1672
көрілім

Үйге туған апайы мен жездесі қонаққа келген әйел дастарқанға ащы су қойған. Бірнеше сағаттан кейін масайыңқырған азаматша апайының азаматтық некедегі жұбайымен сөзге келмей қалады. Ашуға булыққан оның сабасына сыймағаны сонша, ас үй пышағын қолына алып, қонағына қырғидай тиген. Осыған байланысты сот ісі Катонқарағай аудандық сотында қаралған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күнінде Солдатово ауылындағы Советская көшесінде тұратын Мадина Көксегенованың (аты-жөндері толықтай өзгертілген) үйіне түскі уақытта апайы Әсел мен жездесі Дидар қонаққа келеді. Әңгіме-дүкен құрысқан олар отырысты қыздыру үшін арақ ішкен. Кешке қарай тағы бір бөтелкені тауысқаннан соң 40 жастағы масайған әйел адам жездесімен кикілжіңге түседі. Сол кезде зығырданы қайнаған азаматша үстел үстінде жатқан пышақты шап беріп, Дидардың іш тұсына бір рет сұғып жіберген. Осының салдарынан жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтірілген. Катонқарағай аудандық сотында қаралған сот процесінде айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне қатты өкінетіндігін жеткізді.

– Сол сәт әлі де көз алдымда. Пышақты қалай сұққанымды да білмей қалдым. Дидар қолымдағы суық қаруды жұлып алды да, жұдырықпен басымнан ұрып жіберді. Осыдан кейін бәріміз сабырға келіп, тынышталып қалдық. Полиция қызметкерлері мен «Жедел жәрдемді» өзім шақырдым, – дейді Мадина Көксегенова.

Ер адам болса сотталушымен татуласқанын, оны кешіретіндігін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот үкімі бойынша әйел адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар ол 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Асқар ТҰМАРБЕК