Катонқарағай ауданында ішімдікке масайған еркек туған ұлын пышақтап тастады

858
көрілім

Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында ішімдік ішкен 68 жастағы еркек үй ішінде отырған. Кешкі уақытта үйге дәл өзі сияқты мас күйінде келген ұлын көрген ол, буырқанып ашу шақырады. Кикілжің барысында шекесі қызған азамат қолына ас үй пышағын алған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Баекин көшесіндегі жер үйде тұратын ер адам сағат 19.20 шамасында үйге келген ұлының арақ ішіп алғандығын көреді. Сөйтіп, әке мен бала арасында жанжал туындаған. Өне-бойын ызаның оты шарпыған еркек ұлын боқтықтың астына алады. Оның баласы да, ашуын ұстай алмай, әкесін балағаттап жіберген. Сол кезде зілді сөзге зығырданы қайнап бұлқан-талқан болған катонқарағайлық үстел үстінде жатқан ас пышағын қолына алып, баласының оң жақ арқа тұсына 1 рет сұғады. Жәбірленуші бірден «Жедел жәрдем» көлігімен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған ер адамды ажалдан арашалап қалды.

Бұл оқиғаның жай-жапсары Катонқарағай аудандық №2 сотында талқыға түскен. Сот отырысында бұрын сотты болмаған ер адам өз кінәсін толықтай мойындап, істегеніне қатты өкінетіндігін айтты. Осыны ескерген сот айыпталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеді. Осы уақыт ішінде пробациялық бақылауда болатын сотталушыға алкоголь өнімдері сатылатын қоғамдық жерлерге баруға тыйым салынды.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ