Катонқарағай ауданында өткен 100 шақырымдық бәйгеде «Құлынжоннан» келген Құлагер озды

916
көрілім

Үлкен Нарын ауылында Отан қорғаушылар және Ұлы жеңіс күніне орай ауқымды бәйге өтті. Ерекшелігі сол, сәйгүліктер 100 шақырымды бағындырды. Мәре сызығына жетпегендер де бар, топтан озып, алдына қара салдырмағандары да бар. Бастысы, Катонқарағай жұрты дүбірлі бәйгенің куәсі атанды.

Сөреден суырылып шыққан сәт

Бұдан бөлек, қазақ күресі, аударыспақ, тай жарысы сынды ұлттық спортымыздың бірнеше түрі бойынша үздіктер анықталды. Тақымы тастай, сом білекті ерлер атқа қонып, күш сынасты. Алып та, шалып та жығатындары қазақ күресінен боз кілемге беттеді. Қай спортты алсақ та жеңімпаз бен жүлдегерінен бұрын, көптің ортасына шығып, мүмкіндігін паш ету қызық болды. Жарыс десе арқасы қозатындар аз емес қой, шынымен?! Көптің назары 100 шақырымдық бәйгеге ауды. Шара қонақтарының сөзінше, 30-ға тарта ат сөреге тізілді. Сәйгүліктер мамыр айының 7-і күні таңғы сағат 6:00 шамасында жарыс жолына шықты. Алтайдың абыз ақсақалы Бошай Кітапбаевтың туған жері – Катонқарағай ауданынан біршама жүйріктер жеңістен басты үміттілер деп топшыланды. Солай болды да. Тек мәре сызығын бірінші болып кесіп өткен «Құлагер» болжамға сәл өзгеріс енгізді. Бәйге біткен бойда Көкпекті ауданына қарасты Құлынжон ауылынан қылқұйрықтысын баптап әкелген Руслан Шайырғазиннің ойын тыңдадық. Айтуынша, мәреге 3 сағат 40 минутта жеткен «Құлагер» сол жарыста нағыз бабында болған.

– Қыстан бері аттарымыздың бабын кетірмей, жаратып жүрдік. Былтыр дайындаған едік, алайда шектеу шаралары бәрін бұзды. Сосын Алматыдағы 80 шақырымға созылған бәйгеге апардық. «Құлагер» бірінші келді. Желтоқсан айына дейін жүктемені азайтып, тынығуға мүмкіндік бердік. Кейін біртіндеп жазықта жүрісін ширатып, аңға шығып тұрдық. Әдеттегідей, күнделікті 15-20 шақырым жерді артқа тастап отырды, – деді ол.

Топтан озған төртеу

Бір айдан астам уақыт қалғанда ауқымды аламан болатыны ресми хабарланып, Шайырғазиндер әзірлікті күшейтті. Бұл кезде күн де жылынып, қара жер қар құрсауынан арылып-ақ қалды. Әкелі-балалы атбегілер мейілінше топ жаруды көздеген. Тоғыз жасар «Құлагердің» бабына еніп, алыс қашықтықтарға түсуге әзір жүргенін сезді.

– Барлық қатысқан бәйгенің ішінде тұлпарымыз үшін ең шалғайы Катон жеріндегі аламан еді. Осыдан барып «Құлагердің» 200 шақырымды да бағындыратынына сеніміміз мол. Мәре сызығын қалай кескенін өздеріңіз де көрдіңіздер. Шабыс кезінде ентікпеді, өзін еркін сезінді. Жанында көлікпен жүріп отырдық, – деді Руслан.

Тәжірибелі шабандоз Еркебұлан Берікболатов та алдына қара салдырмайтынына сенімді болған. Межелі жерге бір күн бұрын жетіп, жер жағдайымен танысты. Жалпы, барлығы жоспарға сай өтті дейді. Тек кейбір жол бөлігі тастақ болып, Самар маңындағы құмдауыт жазықтан біршама айрықшаланды. Аттың аяғын жарақаттап алмаса екен деді. Әйтсе де барлығы ойдағыдай өтті. Әсіресе, мәреге жүздеген метр қалғанда топтан дараланған төртеу бар жылдамдықпен жүйткіп, жұрт қиқуға басты. Алайда Еркебұлан мінген жирен қасқа соңынан ілескен сәйгүліктерге мүмкіндік бермеді. Белгілі болғандай, «Құлагердің» ізін ала жеткен төрт аттың барлығы Катонқарағай ауданынан.

Суретте «Құлагердің» жанында бапкері Руслан Шайырғазин

Шабандоздың темірдей тәртібі

Атбегінің айтуынша, 100 шақырым кезінде тоғыз жасар тұлпар тоқтаусыз шауыпты. Қарағанды, Талдықорған қалаларын қоспағанда, қылқұйрықтылардың көбі Катонқарағай ауданынан. Руслан Шайырғазин сол күні аудан тұрғындары мен келген меймандар арқа-жарқа әңгіме шертісіп, бір серпіліп қалғандығын айтты. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазан көтеріліп, мерекеге ұласты дейді.

«Құлагерді» тізгіндеген шабандозға қысқаша тоқтала кетейік. Жоғарыда жазғанымыздай, есімі Еркебұлан. Шайырғазиндер жаратқан атпен аламанға қатысып жүргеніне аз болмаған. Жиырма бір жаста. 57 келі салмағы да сәйгүлікке дәл келген. Әрі көмекші, әрі шабандоз. Русланның айтуынша, жаттығуға келгенде тәртібі темірдей. Таңсәріден тұрады. Еркебұланның жеңісінен соң әкелі-балалы Шайырғазиндер шамамен 26-шы көлігіне ие болды. Бұл жолы Chevrolet бұйырды. Екінші орынға – бір миллион, үшінші орынға 800 мың теңге табыс етілді.

Бір есептен араб, ахалтеке һәм таза қанды ағылшын тұқымдары қосылған аттың күтімі де ерек болар. Құлынжондық атбегі мүмкіндік болса бұдан да ірі бәйгелерге қатысуға ниетті. Ұлттық спортымыз ұлықтала берсе дейді. Ендеше, ат жаратудың өзіндік әдісін қалыптастырған азамат пен әкесіне Тәңірі медет берсін демекпіз!

Әділхан ЕСІМХАНОВ