Катонқарағай ауданында ұзындығы 69 шақырым болатын су құбыры тартылады

152
көрілім

Ауданға жұмыс барысымен барған өңір әкімі Ермек Көшербаев ең алдымен әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бірнеше учаскеде әлі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кетейік. Облыс басшысы алдымен жаңадан салынып жатқан орталық қазандықтың құрылыс алаңында болды. Қарбалас тірлік бірқалыпты жалғасуда. Жергілікті басшылық Ермек Беделбайұлына аудан орталығында тартылып жатқан су құбыры құрылысы туралы да ақпар ұсынды. Бас мердігердің айтуынша, жобаға сәйкес ұзындығы 69 шақырым құбыр жүргізіледі.
- Сәулет, қала құрылысымен шұғылданатын қызметкерлер профицит, дефицит жағынан су, электр қуаты, жылуымен қамтуды зерттеп, есеп жүргізуі қажет. Оны жұмыс тәмамдалған соң облыс әкімдігінде келіп қорғайсыздар. Соған сәйкес қаражат бөлінеді, - деді аймақ басшысы.
Катонқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Расул Қарабалинов іске қосылатын жаңа жылу жүйесіне елдімекендегі әкімшілік ғимараттар, әлеуметтік нысандар мен төрт тұрғын үй қосылатындығын жеткізді. Орталық қазандықтың ескі ғимараты қазандық техникаларына арналған орын мен көмір қоймасы ретінде пайдаланылмақ.