Катонқарағай ауданында жыл сайын 1200 адам басқа өңірге қоныс аударуда

950
көрілім

Катонқарағай ауданы бүгінде еліміздегі табиғаты ең көркем жерлердің бірі. Қысы-жазы таулардың басын қырау шалып, сұлулық атаулыға одан әрмен сән қосып тұрғандай. Десе де бұл өңірде туризм саласы әлі де тұралап тұр. Жуықта «Катонқарағай ауданының болашағына саналы көзқарас» атты инвестициялық форум өтті. Шара барысында туристерді тарту, қызмет көрсету сапасын жақсарту сынды мәселелер талқыланды.

Халық саны азаюда

- Форумда Катонқарағай ауданының экономика және туризм салаларын талқыладық. Туризмді дамытуға бізде мүмкіндіктер жеткілікті. Себебі мұндай тұмса табиғат әлемнің кез келген жерінде болмаса керек. Біздің аймақта қандай да бір өндіріс ошағы дамымаса да, ауыл шаруашылығы саласы мен туризмге баса ден қойылуда. Өкінішке қарай, қазірде туристерден түсетін пайда мөлшері аз. Себебі демалушылар тек жаз айларында ғана келеді. Ал басқа жыл мезгілінде меймандарды қабылдауға қонақүйлер дайын емес. Біздің аудан тек көрікті жерлермен ғана ерекшеленбейді. Өзінің бай тарихымен де туристерді тарта алады, - дейді аудан әкімі Ренат Курмамбаев.

Шынында да таулары алтын таңның нұрын емген киелі мекеннің табиғаты кім-кімді болмасын қызықтырары хақ. Сырт көзге бұл өңірде бәрі жақсы көрінер, алайда көңілге алаң ұялатар жайттар да жоқ емес екен. Атап айтар болсақ, соңғы 18 жылда халық саны 48 пайызға азайған. Ауданнан жыл сайын 1200 адам басқа өңірге қоныс аударуда. Себебі халық жұмыс іздеп қалаға бет бұруда. Бүгінде Катонқарағай ауданына қарасты елді мекендерде 23 207 адам бар. Соңғы бес жылда мектеп саны 17 пайызға азайған. Тіпті бес жылдан кейін 13 ауыл жабылуы мүмкін. Аудан көлемінде 12 500 адам жұмыс істесе, соның 6200-і өзін өзі жұмыспен қамтығандар.

Катонқарағайдың туризмін дамыту бұған дейін де талқыланып келген. Бірақ әлі де оң нәтиже байқалмауда.

- Қазір Катонқарағайды кластерлік жүйе бойынша дамытуды қолға алуымыз керек. Бізге енді нақты іске көшетін кез жетті. Осы киелі мекеннен шыққан әрбір ұрпақ туған жерге қайта оралуы керек. Туған жерден не аламын деп емес, туған жерге не бере аламын деп үлкен мақсатпен оралғаны жөн. Биыл осы өңірдің жағдайын оңалту мақсатында өз есебімнен 500 миллион теңге бөлдім. Он жыл бойы жылына 50 миллионнан беріп отырамын. Туризмді дамытудың алғы шарттарының бірі - қоқыстарды тазартып, әжетханаларды орнату. Жуықта ғана он миллион теңгені аудандар мен ауылдарды қоқыстан тазарту үшін жұмсадық. Біздің негізгі мақсат - демалыс орындарын жақсарту, халықтың тұрмыс деңгейін көтеру. Осының бәрі тек бір адамның ғана қолынан келмесі анық. Сондықтан бұл өңірдің туризмін дамытуға атсалысам деген азаматтарға құшағымыз ашық, - «Aitas KZ» АҚ бас директоры Серік Толықбаев.

Жыл сайын 6 мың турист келеді

Ауыл тұрғындары өңірде туризмнің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді атап өтті. Соның бірі дүкендерде келушілердің сұраған дүниесін беретіндей жағдайдың жоқтығы болса, екіншісі жол-көлік қатынасы мәселесі. Арнайы автобустардың бөлінбегені себепті туристер бұл жерге қалаған уақытында жете алмайды. Форум барысында бұл мәселелер толықтай талқыланды.

- Катонқарағай ауданын еліміздегі шикізат өндіретін алғашқы аймақтардың біріне айналдыруды көздеп отырмыз. Ауданның экономикалық және географиялық қауіпсіздігін қарай келе негізгі басты туристік кластер бойынша этноауыл қалыптастыруды жоспарладық. Соның ішінде Өрел, Катонқарағай, Үлкен Нарынды болашақтың ауылы етпекпіз. Және бұл өңір қазақи киіз үйлермен толықпақ. Қазір біз халықаралық және еліміздегі ірі компаниялармен жұмыс істеуді қолға алып жатырмыз. Болашақта мал шаруашылығын өндірістік сала ретінде қарастырып, америкалық және қытайлық ірі компаниялармен келісім шарт жасаспақпыз. Сонымен қоса алдағы 10 жылда ауданға 1 миллиард теңгенің инвестициясын тартамыз, - деді Серік Толықбаев.

Форумға Қырғызстан және Моңғолия елдерінен келген кәсіпкерлер де қатысты. Айта кетейік Катонқарағайға жыл сайын 6000 турист келеді. Әрине, Катонқарағайдың дәл қазіргі әл-ауқатымен салыстырғанда бұл көрсеткіш аз да, көп те емес. Шара барысында жас мамандарды ауылға тарту мәселесі де талқыланды. «Туған жерге туыңды тік» демей ме, бабаларымыз. Ауыл жұртының ендігі үміті жүрегінде оты бар жастарда болып тұр.

Таунар ҚАЙРАТ