Катонқарағай ауданындағы ана мен екі сәбидің өлімі суицид болуы мүмкін бе?

1132
көрілім
Жүректі шымырлатып, өне-бойды мұздататын қорқынышты оқиға 10 тамыз күні Катонқарағай ауданы, Үлкен Нарын ауылында орын алды. Жергілікті полиция бөлімінде қызмет ететін ер адам кешкілік уақытта өз үйіне келгенде әйелі мен екі қызының мәйітін көреді. Алдын ала келіп түскен ақпараттарға сүйенсек, 10 жастағы қыз бен 8 айлық нәресте пышақпен бауыздалып, ал 34 жастағы әйел адам сымға асылып көз жұмған. Қазіргі уақытта «адам өлтіру» бабы бойынша сот алды тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, мұғалім болып еңбек еткен әйел екі баласын өлтіріп, өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Қорқынышты түс сияқты

Үлкен Нарын ауылының тұрғындарын қара жамылдырған қаралы оқиға Ақанғалиевтер (адам аты-жөндері толықтай өзгертілген) әулетінде болды. Отағасы жергілікті полиция бөлімінде тәртіп сақшысы, ал отанасы ауылдық лицейде информатика және физика пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен жанұя екі баланы тәрбиелеп келген. Тұңғыштары Қабдөш Дамитов атындағы орта мектепте білім нәрімен сусындап, биыл 4 сыныпты тәмәмдаса, кенжелерінің дүние есігін ашқанына 8 ай ғана болыпты. Қаршадай қыздардың анасы Алмагүл декреттік демалыс алып үйде отырған. Оның күйеуі Әскерханның айтуынша, соңғы уақытта Алмагүлдің арқасы ауырып жүріпті. Дәрігерлер оны талай мәрте қарағанымен, нақты диагноз қоя алмаған көрінеді.

Бірнеше рет ауруханаларға бардық, – дейді Әскерхан Ақанғалиев. Тіпті магнитті-резонансты томография (МРТ) жасатқан болатынбыз, алайда дәрігерлер нақты диагнозды айта алған жоқ.

***

10 тамыз күні отағасы әдеттегідей жұмыстан шығып, үйіне қарай бет алады. Діттеген жеріне жеткен соң үй есігін қағады, алайда есікті ешкім ашпаған – есік іштен күршектеліп тұрыпты. Үйге ол тек терезе арқылы кіре алған. Ал оқиғаның одан ары қарайғы желісі қорқынышты түс сияқты. Әскерханның өз көзімен көргенін мыңжылдық ата жауыңа да тілемессің. Әйелі мен екі қызының денесі бөлме ішінде болғанымен, жандары о дүниеге аттанып кеткен. Екі қыздың денесінде пышақпен тілінген жарақаттар болса, әйелі сымтемірмен асылып тұр.

Оқиға орнына бірден жедел әрекет ету тобы аттанады. Криминалистер мен тергеушілер өз жұмыстарына бел сыбана кірісіп кетеді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері үй аумағының әрбір қуысын аралап шығады.

Келесі күні ШҚО ІІД мен облыстық Прокуратура бұл қайғылы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Алдын ала болжам бойынша, полиция қызметкерінің отбасы мүшелері біреудің құрбаны болуы мүмкін. Дегенмен үй ішінен ешқандай зат ұрланбаған екен.

Бұл факті бойынша «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бабына сәйкес сот алды тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлады қадағалау органы. ШҚО Прокуратурасы істің тергелуін өз қадағалауына алды. Процессуалды прокурор тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы зерттелу үстінде.

Осы оқиға сот алдындағы тергеу шараларының бірыңғай реестрінде тіркеуге алынған, дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметі. – Біздің қызметкерлер әрбір нұсқаны барынша мұқият зерделеуде. Тергеу жұмыстары басшылықтың ерекше бақылауында тұр.

Бейресми дерек көздерінің ақпаратына сүйенсек, әйел адамның өз-өзіне қол жұмсауы да ықтимал. Тіпті ол жәһәннамға аттанарда бауыр еті – балаларын өзімен бірге ала кетуі мүмкін, бірақ бұл әзірге тек болжам ғана. Осы тұрғыда заң органдары әлі бір де бір ресми мәлімдеме жасамағанын айта кету керек. Ал әйелі мен екі қызын енді қайтып көре алмайтындығына сене алмай жүрген Әскерхан оқиғаның қандай да бір нұсқасын айтуға бата алмады. Ол тек тергеу жұмыстарының нәтижесін күтуде.

Әйелімнің өлер алдында қалдырып кеткен ешқандай жазбасы жоқ, дейді ол.

Оның сөзіне сүйенсек, Алмагүлдің жүріс-тұрысында өзіне немесе балаларына қатігездік жасайтындай әрекеттер байқамаған.

Үлкен Нарынның үлкен қайғысы

Жантүршіктірерлік оқиға ауыл тұрғындарының арасына лезде тарап кетті. Бірнеше күн бойы дүйім жұрттың аузында тек осы әңгіме ғана айтылып жүрді. Сонымен қатар, қайғылы жағдайдың мән-жайы әлеуметтік желілерде және басқа интернет-ресурстарда қызу талқыға түсті. Байқағанымыздай, қоғамның пікірі екі жаққа бөлінген. Кейбіреулер құқық қорғау органы қызметкеріне өштескен біреудің әрекеті десе, кей адамдардың ойы «әйел өзін өзі өлтірген» дегенге саяды. Ал Үлкен Нарын ауылының халқы соңғы айтылған нұсқа шындыққа жанасады деп санайды.

Әйел адам босанғаннан кейін күйзеліске (послеродовая депрессия) ұшыраған, дейді ауыл тұрғыны Нұржамал, Ал оның туған-туысқандары мұны байқамаған болуы керек. Күйеуі болса азаннан кешке дейін жұмыста жүреді. Полиция қызметкерінің жұмысын барлығымыз да білеміз ғой. Жұмыс деп жүріп, жанұяға бөлетін уақыттары да жетпейді. Ал оның әйелі өз қиындықтарымен жападан жалғыз қалған.

Үлкен Нарын ауылының бірнеше тұрғындары Алмагүлдің расында да босанғаннан кейін болатын күйзелістен емделіп жүргендігін алға тартуда. Олардың сөзіне сүйенсек, оның әйелі әр түрлі ауруханаларда тексеруден өткен. Қандай себептермен ауруханаға қаралғандығын әйелдің туған-туысқандары ғана біледі.

Мамандығына шынайы берілген жан

Үлкен Нарын ауылына жол тартып, Алмагүл сабақ берген лицейге бас сұқтық. Бұл мектепке оқушылар 6 сыныптан бастап қабылданады екен. Өкінішке қарай, лицей директорын жолықтыра алмадық, бірақ марқұмның әріптестерімен сөйлесу мүмкіндігі туды. Ауылдық лицейдің мұғалімдері өз таңданыстарын жасырған жоқ. Ешкім де келіншектің өмірі кенеттен үзіліп кетеді деп ойламаған.

Білім ордасында Алмагүл нағыз кәсіби маман ретінде танылған. Оны әріптестері де, оқушылары да мойындап отыр.

Ол ең үздік оқытушылардың бірі болды, деп лицейдің бұрынғы оқушысы әлеуметтік желіде пікір білдірді. Барлығы оны жақсы көретін…

Алмагүл Ақанғалиева өз мамандығына шынайы берілген жан болған. Ауылдық лицейде ол 2004 жылдан бері дәріс беріп келе жатқан екен. Қызмет істеумен қатар жоғары білімін де алып жүріпті. Талабы мен дарыны қатар ұштасқан жас мұғалім тек тәлімгерлікпен шектеліп қалмаған. Ол лицейдің жеке сайтын жүргізіп отырып, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып ТМД жеріндегі әріптестерімен тәжірибе алмасып отырыпты. Бірнеше жыл бұрын ізденімпаз ұстаз мұғалімдер арасында ұйымдастырылған облыстық конкурсқа қатысып, жүлделі орынға да ие болған. Алмагүл өз білімін арттырудан ешқашанда жалықпады ғаламтордағы педагогикалық порталдарда оқу оқыды. Сондай-ақ, ол интерактивті құрылғыны оқу процесінде қалай қолдану керектігі жайлы шеберлік сағатын аудандық дәрежеде өткізіп тұратын.

Оның тұңғыш қызы Динара туралы да тек жағымды пікірлер естідік. 10 жастағы қызы сабағын жақсы оқып, үйірмелерге қатысып жүрген.

Динара өте ақылды қыз болатын, дейді Қабдөш Дамитов атындағы орта мектептің психологы. Оның ой-өрісінде ешқандай ауытқу болған жоқ. Оқу үлгерімі жақсы ол би және домбыра үйірмесіне қатысатын. Құрбыларымен де ара-қатынасы тұрақты еді.

Психикалық дағдарыс деген не?

Егер босанғаннан кейінгі күйзелісті орын алған оқиғаның бір нұсқасы деп қарайтын болсақ, онда бұл психикалық дағдарыс жайлы түсіндіре кеткеніміз жөн болар. Осы орайда психолог маманмен жолығып, бірқатар сұрақтарға жауап алып қайттық.

– Бұл жағдайда мәселе босанғаннан кейінгі күйзелісте емес, одан кейін болатын эмоционалды дағдарыста болуы әбден мүмкін, – дейді психолог Людмила Русина. – Бәлкім ол ауданда зардап шегушіге дер кезінде медициналық және психологиялық көмек көрсете алатын мекеме болмаған шығар. Кез келген әйел босанғаннан кейін эмоционалдық және физикалық күшін көп жұмсайды. Соның салдарынан ол адамда физикалық немесе эмоционалдық шаршау пайда болады. Дәл осы кезеңде отбасы мүшелерінің, туған-туысқандардың көмек пен қолдауы өте маңызды. Ана атанған адамға кем дегенде 1-2 сағат болсын демалыс беру керек. Баланы біраз уақыт қарауға немесе үй жинауға қолұшын созған абзал.

Психологтың айтуынша, егер әйелдің бойынан босанғаннан кейінгі күйзеліс байқалса, оған психологтармен бірге психиатрлардың көмегі қажет. Психиатр нақты диагнозды белгілеп, ем тағайындайды. Ем-шара аяқталған соң олар психологтармен бірлесе отырып жұмыс жүргізеді.

– Осындай күйге түскен адам өз күшін өзі дұрыс есептемей, эмоциалық ресурсын толтыра алмай қалады, – деп атап өтті Людмила Русина.

Қазір қандай да бір қорытынды жасауға тым ерте. Ана мен екі баланың өлімінің нақты себебі кейінірек хабарланатын болады.

Бұл бір ғана оқиға емес

Айта кету керек, 2016 жылдың сәуір айында Шемонаиха ауданының тұрғыны үйіне келген кезде бөлме ішінен әйелі мен 3 баласының мәйітін көрген болатын. Бұл оқиғада полиция қызметкерлері бірден «әйел адам өз балаларын қылқындырып өлтіріп, сосын асылып қалған» деген шешімге келді. Ал облыстық қадағалау органы әйел адамда психологиялық ауытқу болған деп мәлімдеген еді.

Араға бірнеше ай салып, осыған ұқсас жағдай Бородулиха ауданында орын алған. Аты аталған ауданның тұрғыны өз қызын буындырып өлтіріп, кейін өзі асылып қалады.

Осындай оқиғалар бұрында да болған, бірақ дәл осылай өне-бойды шымырлататындай қорқынышты жайттар кездескен жоқ, дейді психолог Людмила Русина. – Кезінде отбасы институты болды, дүниеге сәби алып келген әйел-ананың айналасында туыстары жүрді. Осының арқасында әйелдің жалғыз өзі қалатын сәттері тым сирек кездесті.

Психолог маман жас босанған аналарға бірбірімен тәжірибе алмасуға, ал олардың туған-туыстарына осындай жандарға рухани демеу беруге шақырды.

Бұл бағытта әйелдерге арналған әр түрлі қоғамдастықтар жұмыс істейді, дейді психолог. Сол жерде нәзік жандылар өздерін толғандырған мәселелерін бөлісіп, пікір алысады. Өкінішке қарай, әзірге шалғай аудандарда осындай топтар жоқ.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ