Катонқарағай ауданындағы ауылдардың бірінде өзен арнасынан асып, үйлерді су басты

6070
көрілім

Өрел ауылының тұрғындары осындай келеңсіз жайт жылда қайталанып отыратынын жеткізді. Айтуларынша, температураның күрт төмендеуінен өзен арнасын мұз керіп, су ауылға қарай ақты, - деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Катонқарағай ауданына қарасты елдімекенде кеше таңертең сынап бағанасы -30 градустан төмен болған.
- Таңғы сағат 08:00 шамасында басталған қарбаластан су тоқтаусыз ақты. Жергілікті әкімдік өкілдері жарытып түк бітірмеді. Көрші-қолаңда маза жоқ, жан-жақты амалдар іздеп бағуда. Сумен алысқанымызға 13 сағат болды, - деді желтоқсанның 14-і күні бейнежазбамен бөліскен тұрғындар.
Өрелдіктер Шоқан Уәлиханов көшесіндегі жағдайды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде бөліскен.
- Бұл ауылдан 18 жыл бұрын көшкен едік. Кішкентай кезімде өзен арнасынан асып кетпесін деп әкем сол жақты жиі қарап жүретін. Лом, темірлер алып барып, қалың мұзды ойып жүрді. Таудан аққан өзен аязда тез қатады. Температура күрт төмендегенде бір-ақ түнде арнасынан асады, - деді осы ауданның тумасы Елена Бердюгина.
Оқиға орнына барған аудан басшысы Ділдар Қалиқанның мәліметінше, үш үйге су кіріп, жертөлесіне жайылған. Аудан тұрғыны Айгүл Жасұланова алты үйді су басқанын айтты.
- Қазіргі уақытта аудандық төтенше жағдайлар қызметкерлері мен жергілікті атқарушы билік жұмылдырылып, мотопомпалар арқылы суды сорғытуда. Қаптарға тиісті заттар салынып, бөгеттер дайындалды. Катонқарағай ауылынан эксковатор жолға шықты, - деді Ділдар Қалиқанұлы.
Жауапты тұлға кеше кешқұрым бөліскен ақпаратында Өрелдегі ауа температурасы -29 градусты көрсеткенін айтты.