Катонқарағай ауданындағы полиция ғимараты 50 жылдан астам уақыт жөнделмеген

226
көрілім
Өңір әкімі Ермек Көшербаев Катонқарағай ауданына іссапармен барып, бірнеше нысан жағдайымен танысты, Buqara.kz сайтының тілшісі.
 
Апаттық жағдайда тұрған аудандық полиция бөлімін көріп, жөндеу жүргізу қажеттігін баса айтты. Аталған нысан шамамен 1970 жылдары салынған. Пайдалануға берілген уақыттан бүгінге дейін онда бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмепті. Тозығы жеткен ғимараттың жағдайын көрген аймақ басшысы жуық арада толық жөндеуден өтетіндігін жеткізді.
    - Жақында жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінеді. Барлығы жоспарға сай жүрсе, ғимарат жаңарып, қалпына келеді. Осындай апатты жағдайдың алдында тұрған ғимаратта жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан бұл мәселе уәдеге сай уақытында шешіледі, - деді Ермек Беделбайұлы.
    Облыс әкімі аудандық аурухана жұмысымен де танысты. Ақ халаттылармен кездесіп, науқастар ем алатын бөлмелерді аралап, мекеменің қандай жабдықтармен қамтылғанына көз жүгіртті.
     - Ауданымыз жыл басынан бері қайта жанданып, бойына қан жүгірді. Катонқарағай ауылы да дамып келеді. Ауызсу мен жылу тартылып, тұрғын үйлер салынып жатыр. Жолдар жөнделіп, біршама жұмыс атқарылуда, - деді ауданның құрметті ақсақалдарының бірі, еңбек ардагері Жомартхан Абырайымов.
Іссапар кезінде Ермек Көшербаев ауылдардағы денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау, тағы да басқа салалар бойынша жұмысқа жас мамандарды тарту үшін ең алдымен оларға тиісті жағдай жасалуы керектігін айтты.