Аудан әкімінің аппараты электронды аукционға 2014 жылы шыққан Chevrolet Captiva көлігін шығарды. Сауда баға түскенше жалғаса бермек. Бастапқы құны 12 миллион теңге деп бекітілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ең төменгі бағамен алсақ, онда темір тұлпарды екі млн теңгеге сатып алуға болады. Бірақ техникалық сипаттамаға зер салсақ, көлік соқтығысқан, болмаса аударылған сияқты. Ал бағалаушылардың құжатында оның бағасы 4 млн 288 мың теңге деп тұр. Қызығы сол, былтыр тамыз айында әкім аяқ асты «Chevrolet Captiva-ны косметикалық жөндеу үшін» деген лотқа мердігер іздеді. Жөндеуге 1 млн 200 мың теңге кеткен көрінеді. Лоттың техникалық сипаттамасында көліктің барлық агрегаттары мен әйнегін қалыпқа келтіру, шам асты жарығын реттеп, кузовын жөндеу керектігі көрсетілген. Шынымен де біршама ақау бар. Негізінде мұндай жұмысты жол-көлік оқиғасын өткерген темір тұлпарлар қажет етеді.
Айтпақшы, соңғы рет 2021 жылы жаңартылған мемлекеттік реестр дерегіне сүйенсек, Катонқарағай ауданы әкімдігінің теңгерімінде бес автокөлік болды: Skoda Superb B8, Skoda Octavia A7, Chevrolet Captiva, ВАЗ 21213-130 және УАЗ 22069. Мемлекеттік мекеме былтыр «Allur» Сауда үйі» ЖШС-мен 15 млн теңгеге екі көлік сатып алу бойынша келісімшартқа қол қойған. Техникалық сипаттамада сатып алынған Chevrolet Cobalt маркалы көліктердің «Сарыарқа АвтоПром» ЖШС зауытында өндірілгені жазылды. Қолданыс уақыты – 36 ай немесе 100 мың шақырым. Ұзын-саны – жеті көлік. Штаттық кестеге сәйкес, аудан әкімінің үш орынбасары бар. Одан бөлек, аудан әкімі аппаратының басшысы болуы тиіс.
Негізі, шенеуніктерге қарағанда, темір тұлпардың саны көп. Дей тұрғанмен аудан басшылығы көлік алуға қатысты тұрақты түрде келісімшарт жасасып отырады. Оның өзінде, таңдау Toyota Camry 55-ке түсіп жатады. Бірінші келісімшарт өткен жылдың мамырында, екіншісі шілде айында жасалды. Екеуінде де қолданыс уақыты деген жерде 2023 жылдың желтоқсан айы деп көрсетілген. Яғни, сол уақытқа дейін өткізулері тиіс. Осы мақсатқа деп бюджеттен бөлінген қаржы – 2 млн теңгеге жуықтайды. Келісімшарт баға ұсынысы негізінде жасалды. Содан аудан әкімінің аппараты қазан айында жеңіл көліктерді жалға беру қызметі негізінде тағы бір конкурс жариялады. Бірақ қаражат сомасы 3 млн теңгеден асты және тағы да Toyota Camry-ге таңдау түскен.
Қазір Үлкен Нарын Катонқарағайдан бөлініп, өз алдына жеке аудан болды. Орталығы – Үлкен Нарын ауылы. Демек, Катонқарағай әкімдігі мекенжайын ауыстырады. Себебі, оған дейін жоғарыда аталған ауылда орныққан еді. Онымен қоса, көліктердің бірнешеуі жаңа ауданның игілігіне берілуі мүмкін. Ал біршама жөндеуді қажет ететін көлікті сатуға асығудың астарында не жатқаны, белгісіз.