Мұндағы құрылыстың кешеуілдеп жатқаны қоғам белсенділері мен құзырлы орган өкілдерінің назарын аударып, кеше Антикор орталығында жиын өтті. Аудан әкімі Ділдар Қалиқанның айтуынша, дене шынықтыру-сауықтыру кешені жобасының құны – 911 млн теңге, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан тұрғындары осыған дейін «Ауыл – ел бесігі» жобасы қалай жүзеге асып жатыр деген сауалдарын бірнеше рет қойған болатын. Соның бірі көрінісі саналатын нысан құрылысы біршама уақыт бастапқы қарқынын жоғалтып алғаны рас.
– Жұмыс 2020 жылы басталды. Конкурстық рәсімдеу қорытындысында «QazConstructions» ЖШС мердігер ұйым болып анықталды. Бүгінде аталған нысан бойынша 819 млн теңге қаржы игерілді. Құрылыс басталғалы жобаға сәйкес ғимарат пен қаңқалары орнатылып, ендігісі желдеткіш құрылғыларын орнату қалды. Бұл бір. Екіншіден, жүзу бассейні бойынша іске қосу жұмыстары қалды. Комиссия тексерісі негізінде ол жерде 17 млн теңгенің жұмысы аяқталмаған болып шықты, – деді аудан басшысы.
Анықталғандай, қазір нысандағы сынған терезелерді қалпына келтіру жалғасып жатыр. Мердігер екі аптада реттейміз деп сендірген. Ділдар Қалиқанұлы бүгінде қарбалас жұмыстың орындалуын 95%-бен бағамдады.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев «QazConstructions» ЖШС басшысы Медет Қабденнен қос нысанның нақты қашан аяқталатыны жөнінде сұрады. Айта кетейік, жиын кезінде Топқайың ауылындағы су құбырын тарту жұмыстарының өгізаяңға салынғаны да талқыланды.
– Қазір жұмысты аяқтауға еш кедергі жоқ. Біршама уақыт тұрып қалғаны рас, қаржы жағынан қиындықтар болды. Негізі Катонқарағай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені бойынша жұмыстың 90 пайызын аяқтап қойғанбыз. Алайда 50 млн теңге үкіметке кетіп қалды. Негізі ол ақшаны жұмыспен жауып тастадық, бізге қайтқан жоқ. Бұдан бөлек, тағы 100 млн теңгеміз қалды. Ол ақша түскен бойда жұмысқа кірісіп кеттік. Топқайың ауылы бойынша кестеден кешікпей тәмамдаймыз, – деді Медет Қабден.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сұрақтары бойынша ШҚО қоғамдық кеңес Комитетінің төрағасы Ануарбек Мұхтарханов ЖШС басшысына 911 млн теңгенің бүгінде қаншасы игерілгені жөнінде сауал тастады. Медет Қабденнің берген жауабы – барлық қаржының 95%-ы тиісті мақсатта жұмсалды. Қалған бес пайызы актіге қол қойылған соң игерілетін көрінеді.
Ділдар Қалиқан бір сөзінде 2020 жылы басталған құрылыс біршама уақыт тоқтап, тек биыл қазан айында қайта жанданғанын жеткізді.
– Біздің тараптан тиісті мекемелерге ресми хат та жолданып, кейін нысанда тексеріс жүргізілді. Ішкі мемлекеттік аудит ұйығарымы негізінде сотқа жүгіндік. Медет Қабден айтқандай, сот шешіміне сәйкес, олар 260 млн теңгеге нақты жұмыс ауқымын аяқтауға міндеттелді. Ал түзету енгізілмей тұрып, есеп-қисабы дұрыс шығарылмаған 50 млн теңге бюджетке қайтарылды. Бұл талаптардың барлығы орындалса да, жыл көлемінде жұмыс жүрмеді, – деді аудан әкімі.
Медет Қабден жұмыстың не себепті тоқтап қалғанын түсіндіріп өтті. Сөзінше, банктегі шот бұғатталып, ала жаздай нысанда қыбыр еткен тірлік байқалмады.
– Содан бәрін өз қаражатыммен шештім. Ал 50 млн теңгені қайтарған кезде, Катонқарағайдан тағы 150 млн теңгедей ақшамыз қалды. Өткенде тағы бір жиын өтіп, осы ақшамен басқа нысандардағы жұмысты жүргізе беру туралы ұсыныс айттым. Себебі, біздің қаржымыз жетіп тұр. Қысқасы, Топқайыңдағы су құбырын тарту жұмысын да, Катонқарағай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру құрылысын да желтоқсан айына дейін аяқтаймыз, – деді Медет Қабден.
Әділхан ЕСІМХАНОВ