2017 жылдың бас кезінде ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасына хатшылық ету кезінде Халықаралық кеңес беру комитеті Ресейдегі Катун биосфералық қорығы мен Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай ұлттық паркінің базасында «Үлкен Алтай» трансшекаралық биосфералық резерватын құру жобасын мақұлдады. Бұл Ресей үшін де, Қазақстан үшін де мұндай жоғары халықаралық дәрежедегі алғашқы қорғалатын территория болып табылады. «Үлкен Алтай» трансшекаралық биосфералық резерваты шамамен 1,5 миллион гектардан астам аймақты алып жатыр.
Оның территориясында 54 сирек кездесетін және 84 төлтүр өсімдіктер өседі. Шөптесін өсімдіктердің ішінде ескіден қалғандар көп: алтай желайдары, сібір үширмауығы, тәтті жапырақты таспашөп, алтай қоңырбасы.
Мұнда Ресей мен Қазақстанның Қызыл кітаптарына енгізілген құстардың 47 түрі мен сүтқоректілердің 12 түрі мекендейді.
Ұлттық парк территориясынан Бұқтырма өзені ағып өтеді. Ол өзінің бастауын Алтай өлкесіндегі биік таулы Укок шоқысынан алып, Бұқтырма суқоймасына құяды. Одан бөлек оның тоғыз тармағы мен Бұқтырма жүйесіне кірмейтін тағы үш өзен бар.
Резерватта көптеген көлдер бар. Оның ішіндегі ең ірілері: Бұқтырма, Рахман, Язевое, Марал және Черновое.
Парктің шекарасында табиғи нысандар мен мәдени ескерткіштер көптеп кезігеді. Мәселен, Белуха тауы, Язевое көлі (Қаракөл), Көккөл сарқырамасы, Язевой, Арасан, Рахман қайнарлары, Көкөл кеніші, Берел қорымдары, Австрия жолы. Көне замандарда бұл жерлерден Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен.
Катун қорығы мен Катонқарағай ұлттық паркінің серіктестігі 2004 жылдан басталады, ал 2011 жылы Ресей мен Қазақстан үкіметтерінің арасында «Алтай» трансшекаралық резерватын құру туралы келісім жасалды.