Қарда жортқан әккі құну Катонқарағай ұлттық саябағындағы фототұзақты қиратып кетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Осындай жайт болғандығының бір айғағы – ұлттық саябақтың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған бейнежазба.
– Құну фототұзаққа түсіп қалды. Есесіне, аң қозғап кетіп, құрылғымыз сынып қалды, – делінген жазбада.
Айлакерлігімен ел-жұртқа мәлім жануар фототұзақ орнатылған ағашқа шығып, құрылғыны қыршып тастаған. Саябақ қызметкерлерінің сөзінше, фототұзаққа зақым келсе де, ішіндегі флешкасы істен шықпапты. Оны кейінірек қымбат затты іздеуге барған мамандар айтқан.
– Соған қарамастан Қызыл кітапқа енген бүркіттің кадрларын алдық. Одан бөлек, түлкі мен құнудың суреттеріне қол жеткіздік, – деген саябақ қызметкерлері алдағы уақытта қызықты суреттермен бөлісетіндіктерін жеткізді.
Айта кетейік, фототұзаққа түскен Gulo gulo деп аталатын құну – сырт қарағанда көз тартарлық болып көрінгенімен, қауіпті. Gulo тәріздестерден Катонқарағай ұлттық саябағы бойынша жалғыз түр осы.