Ағымдағы жылы Катонқарағай ауданындағы ұлттық паркте жүргізілген экспедиция кезінде қар барысының ізі табылмады деп хабарлайды газет тілшісі Sputnik Қазақстан ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып.
Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорының (WWF) Алтай-Саян бөлімінің бастамасымен Шығыс Қазақстанда қар барысының тіршілік әрекетінің ізін іздеу бойынша жұмыстар өткізілді. Бұл экспедицияға Катонқарағай ұлттық паркінің қызметкерлері мен WWF Қазақстандағы серіктестері — Қазақстандық биотүрлілікті сақтау ассоциациясы қатысты (ҚБСА).
Шілде айынан қазан айына дейінгі аралықта ҚБСА қызметкерлері ұлттық парк аумағында он тоғыз автомат камера орнатқан болатын. Экспедиция барысында ұлттық парк инспекторлары браконьерлікке қарсы іс-шараларды да атқарды: заңсыз аң аулау қару-жарақтарды (қапқан, сым күрмектер) іздеп, адамдар мен көліктердің іздерін белгілеп отырды, жергілікті шопандардан заңсыз аңшылық оқиғалары туралы анықтады.
Жұмыстың нәтижесінда мамандар қар барысының іздерін таба алмады. Сібір тау ешкілері, маралдар, алтай ұларын көзбен көріп, бақыласа, фототұзақтар тек аю, марал, сібір тау ешкілерін, ұларларды ғана түсірген.
Әзірше ирбис ұлттық саябақтың территориясынан жоғалып кетті немесе атқарылған жұмыс толыққанды болмады деген екі жақты болжам жасалып отыр. Қараша айының соңына қарай паркпен шектесіп жатқан жоталарға да фототұзақтар қойылмақ.
Фотосурет: WWF Алтай-Саян бөлімі