Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында әуежай салу мәселесі қарастырылып жатқанын баяндаған. Одан кейін өткен баспасөз конференциясында министр аталған жоба туралы нақтырақ мәлімет берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
«Қаржыландыру көзі республикалық бюджеттен болады. Өйткені ол туристік бағыттағы жоба, бірақ инвесторлар үшін әлі де бір тартымды бағыт емес. Сондықтан қаржыландыру көзі тек қана республикалық бюджеттен болады.
Әлі де осынша адам ұшады, осынша болады деген дайын бір есебіміз жоқ. Ол тек әкімдердің ауысқанына байланысты емес. Біз Балқашты реттедік, Үшаралды реттедік, Үржарды реттедік. Бұлар – шағын авиация саласы. Соның ретімен енді Катонқарағайға да жетіп отырмыз. Қазір Зайсанның әуе қатынасында біраз проблемалар болып отыр. Бірінші мақсат – сол Зайсанды реттеу. Жаңа ұшу-қону жолағын салу мәселесі бар. Қазіргі тұрған жерінде әрі қарай оны дамытайық десек, ол жақта санитарлық және басқа да мәселелер бар», - деді министр.
Ведомство басшысы жобаның тезірек іске асуы Катонқарағайда туризмнің қаншалықты дамитынына байланысты екенін атап өтті.
«Қазір ол жаққа бір компания келіп, бесжұлдызды үлкен қонақүй саламын деп жоспарлап отыр. Егер сондай жоспар болса, онда болады. Өйткені Катонқарағайдағы туризм маусымдық бизнес болып тұр. Үш ай ғана істейді қазір. Егер шынымен үлкен компаниялар келіп, үлкен қонақүй салып, туризм жыл бойы істеп тұратын болса, республикалық бюджеттен ұшу-қону жолағын да салуға, терминал салуға қаражат бөлуге дайынбыз деп тұрмыз», - деді Марат Қарабаев.