Жерлесіміз Досжан Әсетов Өскеменде өткен еркін күрестен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел чемпионатында жарқын белдесулер көрсетіп, біршама күрес мамандарының есінде қалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кеше 65 келі салмақтың шешуші сынында жастар арасындағы Әлем чемпионатына ұпай санымен жол берген тарбағатайлық Олжас Олжақанов жайлы жазған едік. Бүгін алтын медаль сарапқа салынған текетіресте қарсыласын алып ұрған Катонқарағай ауданының тумасы Досжан Әсетовтың чемпионатттан кейінгі айтқан ойымен бөлісуді жөн көрдік. Өткен жылы Өскеменде өткен 1999-2001 жылдары туған жастар арасындағы ел чемпионатының жартылай финалында Досжанның жолына кесекөлденең тұрған алматылық Санжар Досжанов еді. Бұл жолы екі палуан финалда жолықты. Алдымен екі ұпай алған Досжан белдесудің шиеленісті өтетінін байқатқандай болды. Дегенмен екінші кезеңнің бел ортасында Санжардың осал тұсын тауып, бозкілем ортасына иіріп лақтырды. Қалың жанкүйер де орындарынан өре түрегеліп, қызу қолдауын аямады. Қуаныштысы сол, Досжан таза жеңіп, төрешілерге де еш күмән қалдырмады. Біріншіден, бұл Досжанның жастар арасында алған алғашқы алтыны. Екіншіден, екінші айналымда жерлесі, риддерлік Айдос Жылқайдаровпен жолығып, ұпай санымен ұтқан еді.
Досжан Әсетов пен Айдос Жылқайдаров
Өз кезегінде Айдос та жұбаныш белдесуін, артынша қола медаль үшін болған кездесуде алматылық Елдар Жолболсынды қапы қалдырды. Қос палуан да сәтті өнер көрсетіп, жаттықтырушылар мен жанкүйерлер мерейін асырды.
– Әр белдесуге айрықша құлшыныспен дайындалдым. Былтыр алматылық палуаннан ұтылған едім. Соған орай жыл көлемінде әзірлікті де күшейттім. Осы сайыста жолымыз қайта түйісетінін біліп, барымды салып белдестім. Негізі іштен іліп шалу өзімнің оң жамбасыма келетін әдістердің бірі. Досжановпен әзірге жекелей кездесуімізде есеп 1:1 болды. Сәтін салса, алдағы Азия чемпионатында өнер көрсетсем деймін, – дейді Досжан.
Өз кезегінде катонқарағайлық палуан өзін жаттықтырған бапкерлерге алғысын жеткізді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ