Ол 15 жасында тұрмысқа шығып, 6 бала тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп отырған асыл әже. 77 жастағы апаның 52 жыл өмірі тау ортасында орналасқан қыстақта өткен. Бүгінгі мақала Катонқарағай ауданы, Аққайнар ауылының тумасы Сабилә апа Құрманова туралы болмақ.
Сәбила апа Аққайнар ауылынан 2 шақырымдық жерде, жан-жағын тау қоршаған Бұлақ қыстауында тұрады. Сол жерде сиыр, қой бағып, қаз ұстайды.
- Қыстаққа қандай тағдырмен келдіңіз?
- 15 жасымда тұрмысқа шықтым. Ол кезде жолдасым 17 жаста болды. Ол бір үйдің жалғызы еді. Мен өмірге келген кезде екеуімізді атастырып қойған екен. Сөйтіп немере сүйгісі келген оның ата-анасы бізді ерте үйлендірді. Жолдасым екеуміз өмір бойы мал бақтық. Осы қыстаққа келген кезде үлкен қызым мен омырауда ұлым болды. Одан кейінгі 4 балам осы жерде дүниеге келді. Осы қыстақта босанған кезім де болды. Бауырсақ-тоқашымды пісіріп, ұйықтайтын уақыт болған кезде толғағым басталды. Ол кезде аудан орталығына хабарласатын байланыс құралы да жоқ еді. Жолдасым аудан орталығына жұмыстарымен кетіп қалған болатын. Мен балаларымды басқа бөлмеге отырғызып, «Маған қарамаңдар, бәрі жақсы болады!» дедім. Қолыма қайшыны алып, нәрестемнің кіндігін өзім кесіп, жаялыққа орап қойдым. Жолдасым мен енем келген кезде қатты таң қалды.
- Білуімше, екі балаңыз ауылда, қалғаны қалада тұрады екен. Олардың қолына бару туралы ой келе ме?
- Иә, ауылда да, қалада да балаларым бар. Қалаға барған кезде көңілім құлазып, жарты ғасырдан астам уақыт тұрған қыстағымды аңсап тұрам. Әзірге осы жерде болып, өз қолыммен дайындаған сүтімді, құрт-ірімшігімді бала-шаға, немерелеріме жіберіп тұрсам – арманым жоқ.
Аудан орталығына салт атпен қатынап жүрдік
- Жасыңызға қарағанда әлдеқайда жас көрінесіз? Оның сыры неде деп білесіз?
- Арнайы күтінген кезім болған емес. Сүт те, құрт та, ет те – бәрі табиғи өнім болған соң денсаулығым да жақсы. Атқа мінудің өзі адам денсаулығына өте жақсы әсер етеді. Атқа қонған адамның омыртқасы ауырмайды. Кезінде аудандық депутат болдым. Аудан орталығында өтетін іс-шараларға салт атпен баратынмын. Жол жүрген кезде баламның бірін алдыма, екіншісін артқы жағыма мінгестіріп алатынмын. Әлі күнге дейін атпен жүрем.
- Мал бағуға көмектесетін көмекшілеріңіз бар шығар?
- Иә, бар. Олардың тамақтарын әзірлеп, күнделікті жұмыстарын өзім қадағалап отырамын.
- Сіз үшін төрт түліктің қайсысын баққан оңай әрі тиімді?
- Негізі сиыр малы бағып-күткенге жеңілірек. Сүт-майы да, еті мен терісі де пайдалы. Ал «қой – баққанға бітеді» демекші, қой-ешкіні бағудың әлегі көп.
«Бір балаңа сыймасаң, екіншісі бар»
- Сіздің бір күніңіз қалай өтеді? Қысқаша айтып бере аласыз ба?
- Сағат таңғы 4:30-да тұрам. Сиыр малшылардың ас-суын беремін. Одан кейін сепараторға сүт тартып, құрт, ірімшік қайнатамын. Май шайқаймын. Осылай жыбырлап жүргенде кеш те батады. Өрістен келген қойларды қамап, ертеңгі тіршілікке дайындала бастаймын.
- Теледидар көріп, тынығатын уақытыңыз бола ма?
- Бос уақытымда теледидардан жаңалықтар көрем, құрақ құрап, көрпе тігемін. Ауылдағы ұлым қыстақта тұрсам да жарығымды тартып, теледидар алып келіп, жағдайымды жасап қойған десем болады.
- Ауылыңыздан оқшау тұрғанмен, елімізде, әлемде болып жатқан жаңалықтардан хабардар екеніңізді айттыңыз. Қазіргі қоғамда неге көңіліңіз толып, неге толмайды?
- Жастарға көңілім толады. Олар ақылды, білімді, әдемі, зерек. Мен оларға қарап жігерленемін. Қалада тұрып жатқан немерелерім де маған шабыт сыйлайды. Бірінің үй алуына, бірінің оқу ақысын төлеуге көмектесіп, құрт-майымды жіберіп отырсам – бақыт емес пе? Жағдай болса көпбалалы болуға ештеңе жетпейді. Ауылда өз-өзіне ерекше күтіммен қарайтын келіншек болған. Ол «Көп бала тапсам мүсінім бұзылады, сөйтіп өмір көшінен қалып қоямын» деп ойлайтын. Оның жалғыз ұлы ержетіп, өз жолымен кетті. Әлгі келіншек кейін қартайып, өмірден озар кезінде «Мен қатты қателесіппін. Көпбалалы болуым керек еді. Бір балама сыймасам, екінші балама барар едім. Ұлым өзімшіл болып өсіп, қартайғанда жалғыз қалдым» деп жылады. Көпбалалы отбасында дүниеге келген бала бауырмал, көпшіл болады, сондықтан жас кезде қорықпай бала сүйген дұрыс. Қалған қиыншылықтар уақыттың еншісінде: өтеді де кетеді.
Құндыз, түлкі атып алдым
- Қыста өмір сүру қаншалықты ыңғайлы? Мысалы, өзіңіз бала-шағаңызбен жалғыз қалған кезіңізде көңіліңізге қорқыныш ұялатқан немесе басқа да қызықты жағдайлар болды ма?
- Қайсыбір жылы жайлаудағы палатканың ішіне құндыз кіріп кетті. Оны көрген қызым шошып, қашып кетті. Құндыз – дене тұрпаты бойынша иттен кішілеу, ескек тәрізді құйрығы бар, терісі бағалы аң. Сол аңды күрекпен ұрып өлтіріп алдым. Тағы бірде дәл сол палаткаға түлкі кіріп кетті. Оны мылтықпен атып алдым. Біздің ауыл таулы аймақ болғандықтан шабындық жерлер көп емес. Ер адамдар шөпті қолмен шауып алатын. Ондай кезде мен бала-шағаммен жайлауда жалғыз қалатынмын. Жайлаудың бір жағы жазық дала болса, енді бір жағы ну орман болатын. Түн ішінде найзағай соққан кезде айнала жап-жарық болып кетеді. Мал үркіп, ығып кетсе оны жалғыз өзім барып қайырып айдап келетінмін. Бұл жердің әр тасы, әр гүлі, әрбір қыбырлаған тіршілігі мен үшін ерекше ыстық. Ескен желі, қалықтаған бұлтынан-ақ алдағы күні ауа райы қалай болатынын біліп отырам. Соққан жел бұлтты ұшырып әкеткенде, Ай толған кезде жаңбыр жаумайды. Қандай табиғи құбылыс болса да қорықпаймын. Бәрі бір Құдайдың қолында, «бісмілләмді» айтып жүре берем.
- Катонқарағай ауданында туризм саласы жақсы дамып келеді. Еліміздің басқа аймақтарынан ғана емес, шетелдік туристер де жиі келе бастады. Сырттан келгендер сізге сәлем беріп кете ме?
- Иә, олар дастарқанымнан дәм татып, менімен суретке түсіп, мынадай ғажап табиғатқа тамсанып қайтады. Осындай жапан далада, тау ортасында жалғыз тұратынымды білген кезде таңдана қарайды.
- Жолдасыңыз өмірден озғалы неше жыл болды?
- 10 жыл бұрын жолдасым өмірден озды. Сол кезде балаларымызды, өсіп келе жатқан ұрпағы мен төрт түлігін маған аманат етіп кетті. Сол аманатқа қиянат жасай алмайтыным анық. Дәл осы шоқыда жолдасым жайылып жүрген малды бақылап отыратын. Ал қазір оның орнында мен отырмын. Бәлкім, немерелерімнің бірі осы жолды жалғап, ата-әжесі отырған шоқыда өзі де отырып, төрт түлікті түлетер деген үміттемін. Алла тағала сол күнге аман-есен жеткізсін.
Сәбилә әженің қыстағы
«Анамды қалаға апару – мүмкіндігін шектеу деген сөз»
Осы орайда Сәбила әженің ұлымен әңгімелесіп көруді жөн санадық.
- Анаңыздың осындай оқшау жерде, қыстақта тұрып жатқаны үшін сізді сөгетіндер де табылар.
- Иә, дұрыс айтасыз. «Қартайған анасына мал бақтырып, қыстақта ұстап отыр» деп ойлайтындар аз емес, бірақ мен олардың әрқайсысына негізінде мән-жай қалай екенін түсіндіргім келмейді. Ең бастысы – осы жерде анамның жүрегі тыныш. Қалада зәулім үйде тұратын балалары бар, бірақ анам осы қыстақты артық көреді. Әр адам үшін сүйікті ісімен айналысудан артық ғанибет жоқ сияқты. Анамның қолынан шыққан құрт-ірімшік, майдың дәмі ауыздан кетпейді. Анам ол жерде мұқтаждықтан емес, жан қалауы болғандықтан тұрып жатыр. Адам баласы қартайған сайын дәрменсіз бола бастаса, біз – балалары не себепті оған үстемдік жасап, жұрттың сөзінен ұялып қалаға көшіріп тастауымыз керек? Әрине жетпіс деген жасты орталап қалған анамызды қыстақта тұрғызу оңай емес. Қыстаққа жарық тартып, қажетті жиһаздары мен теледидар, тоңазытқыш сияқты қажетті дүниелерін алып, бар мүмкіндікті жасауға тырыстық. Меніңше анамды қалаға алып барып, төрт қабырғаға «қамап» қою - мүмкіндігін шектеумен бірдей сияқты. Не де болса анамыздың өз еркі өзінде, көңілі қалаған жерінде тұрғаны бізге жақсы ғой.
Зарина ӘБІЛМӘЖІНОВА