Аудан тұрғындары Өскемендегі көпсалалы онкология және хирургия орталығында тегін медициналық тексерістен өтіп, біліктілігі жоғары мамандардан кеңес алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған шара өңірде екінші рет өтіп отыр. Бұған дейін Күршім ауданына қарасты Маралды ауылынан 30-ға жуық тұрғын келіп ем қабылдап, мамандарға жүгінген. Бұл акция аясында тұрғындар өз аудандарында тексерілуге мүмкіншілік болмаған жағдайда, осы орталықтан келіп ем қабылдай алады.
Онкологиялық орталықтың консультациялық-диагностикалық бөлімше меңгерушісі Шолпан Нұрғалиеваның сөзінше, осы жылы шалғайдағы ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында жыл көлемінде бүгінгідей түрлі акциялар ұйымдастырылмақ.
- Бұл шара облыс әкімінің қолдауымен өтіп отыр. Акция қазір тек әйел адамдарға ғана арналып ұйымдастырылып отыр. Дегенмен алдағы уақыттарда ер адамдарды да қамту жоспарда бар. Атап айтқанда, компьютерлік томография, омырау және жамбас мүшелерінің ультрадыбыстық зерттеуі жасалып, гинеколог, маммолог мамандардан кеңес алады. Акция әйел адамдарда қатерлі ісікке немесе қандай да бір ауруға күдік табылса дер кезінде анықтап, ем қабылдауға ықпал етеді. Бұл тексерісте жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Тек Маралды мен Катонқарағайда ғана емес, өзге де аудан-қалалар қамтылмақ, - деді бөлімше меңгерушісі.
Онкоорталық мамандары 2023-2027 жылға тағайындалған кешенді бағдарлама аясында Катонқарағай ауданы үшін маммография аппараттары мен компьютерлік томография сатып алу жоспарланып отрығанын айтты.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ