Катонқарай ауданында туризмді дамыту қалай жүзеге асырылуда?

2886
көрілім
Фотосурет factum.kz сайтынан алынды

Туризм тамырын жайып, жыл сайын шет жақтан ағылып келетін тынығушылар қарасын көбейту Катонқарағай ауданының басшылыққа алған жоспары. Сол жоспардың орындалуы үшін әкімдік тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда? Ресми жиын барысында жалпақ жұртқа жар салып айтатын туризмді жан-жақты дамытуда ауыз толтырып айтарлық қандай шаруаларды сөз етуге болады? Кенді Алтайдың жүрегі саналатын Катонқарағай өңірінде қандай өзгерістер байқалады, сайт тілшісі аудан әкімдігіне сұраухат жіберіп анықтап көрген еді.

Өткен жылдың қазан айында ауданда өңір болашағына қатысты дүйім жұртты дүркіреткен инвестициялық форум өтті. Аудан әкімі Ренат Құрмамбаев «мұндай тұмса табиғат әлемнің кез келген елінде кездесе бермейді» деп бір айтса, іле сондай сұлулықтың аудан қазынасына табыс әкелу кезінде әлі де болса жеткіліксіз екендігін жеткізді. Айталық, демалыс орындары жаз айларында ғана келушілерді қабылдаса, басқа жыл мезгілдерінде турист атаулының қарасы көрінбей, қаңырап тұрады. Яғни меймандарды қабылдауға демалыс үйлері дайын емес. Жаз айлары дейміз, тіпті іс ілгерілей түскеннің өзінде былтыр туризм саласы бойынша салықтан түскен қаржының тек 5%-ы ғана аудан бюджетіне құйылған. Тек осы тұрғыда кемшілік жойылып, жағдай реттеліп оңала түссе құба-құп. Көңілге қаяу салар тағы бір тұсы, жыл сайын 1000-нан астам тұрғындардың өзге аудандарға, болмаса қалаларға қоныс аударуы. Мәселен өткен жылғы санақ бойынша аудан тұрғындарының саны 22306 адамды құраған. Көп деп орнықты көңілмен айта алмаймыз. Бәлкім, жылдың әр мезгілінде сырт жақтан сабылып жеткен тынығушылар қарасы мол болғанда киелі өлкенің қазіргі жағдайына күмәнмен емес, қуана қарайтын ба едік?.. Жиын сайын уәде етілетін сөздердің іске аспай жатқандығы сол ойымызға кедергі. Мана айтылған форумда жазда туристер есебінен түсетін қаржының жұмсалған шығынды ақтауға жеткіліксіз екендігі айтылып, барынша қысқы туризмге ден қою қажеттігін баса айтты. Дегенмен бір жыл көлемінде ауыз толтырып айтарлық бірде бір шаруаның қолға алынбағандығына көз жеткіздік.

Фотосурет pantolecenie.kz сайтынан

– Катонқарағай ауданының аумағында жыл бойы жұмыс істейтін экотуризмді дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынды. Атап айтсақ: балық аулау, шаңғы және ат туризмі, – аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жадыра Сәрсенбаева.

Тұтас ауданның ертеңі мен қазіргі жағдайы қарастырылғандықтан жауапты тұлғалардың мына ойы бұлыңғыр көрінді. «Осы қазір аудан құлдырап барады» дегеніміз емес, тек өткен жылдан бері нақты бір жұмыстың жүзеге асырылмағандығы қынжылтты. «Елім деген ер болмаса, ерім деген ел қайдан шықсын» дейді. Ондай арда азаматтар Катонқарағайда аз емес. Тасы өрге домалап, бір саланың тізгінін берік ұстаған іскер жандар қолда бар қаржысын берді аямай. «Катонқарағай ауданының тұрақты даму қоры» қоғамдық қорының құрылтайшысы Серік Толықпаев кәсіпкерлік суъектілерге гранттар мен қаржылай қолдау білдірсе, бірқатар жеке кәсіпкерлер жол бойындағы дәмхана маңына жылы әжетханалар құрылысын бастап кеткен. Бұған қоса аталған қоғамдық қор осы жылы шағын қонақ үйлерде шетелдік туристерді қабылдау үшін туроператорлардың талаптарына сай 11500000 теңге көлемінде гранттық қаржыландыру бөлген. Қай жерге табаны тиеді, тынығушылар үшін ең әуелі әжетхананың талапқа сай болуы ерекше ескерерлік мәселе. Құрылысы аяқталғанның өзінде аудан орталығында ғана жылы әжетхананың болуы аздық ететін сияқты. Болашаққа көз тастағанымыз емес, десе де арнайы жиында туристер тартуда аса ұтымды саналатын бағдарламаны естігенде таңырқап қалғанымыз рас. Өңірдегі туристік қауымдастықтың атқарушы директоры Серік Жүнісов «Затерянная страна номадов» атты бағдарламаның ерек тұстарын таныстырып, жүзеге асқан жағдайда кез келген тынығушының көшпенділер дәуіріне енгендей болатынын қалың жұрт алдында құлаққағыс етті. Сол уақыттан бері бағдарлама қалай жүзеге асырылуда?

– Жоба аясында аудан экономикасының секторына туризм үлесін және орналастыру орындарын ұлғайту, этно-экологиялық туризмді және өнімді дамыту, пантамен емдеу кешендерін кеңейту, альпинизм, рафтинг және тағы да басқа туризмнің жаңа түрлерін ашу бойынша жұмыс жүргізілуде, – дейді Жадыра Сәрсенбаева.

Фотосурет bonvoyage-kaz.ru сайтынан

Жауап ретінде жазылған төрт сөйлем ішінде іліп аларлық тұсы осы болды. Бағдарламаның орындалу барысына қысқаша тоқталып, сөз етілген көшпенділер әлемі жайлы идея қалай көрініс беретіндігі жайлы жақ ашпаған. Форумда Серік Жүнісовтің командасы осы бағдарламаны ойластыруда деп айтылғанымен оның мазмұны туралы бір ауыз сөз айтылмағаны әралуан көкейге күмәнді тастады. «Ауданды дамытуда жергілікті меценаттар қанша қаржы бөлді?» деген сауалымыз сол күйі жауапсыз қалды. Тек жанама жауаптарды қанағат тұтуға мәжбүр болдық.

Жадыра Сәрсенбаеваның сөзінше, қазіргі уақытта Катонқарағайда жанға сая іздеп, тынығамын деушілер назарына бір шипажай, 12 пантымен емдеу орталығы, бес қонақ үй және 12 шағын қонақүй қызмет көрсетуде. Биыл жазғы туризмді дамытуға қанша қаржы бөлінгендігін де жасырмады.

– Осы жылдың мамыр айында 28980500 мың теңге көлемінде Приморское ауылында, Үлкен Нарын-Катонқарағай ауылдарын басып өтетін республикалық маңыздағы жол бойында, Согорное ауылының бұрылысында, Берел ауылының мұражай-қорығында және Берел ауылында санитарлық-гигиеналық тораптардың құрылысы басталады, – дейді ол.

Бөлінген қаржы аз ба, көп пе, оны атқарылған жұмыстың сапасы көрсетпек. Әрине жер-жерден туристер тарту жоспарланса, онда бұл сома бір ауылдың абаттандырылуына ғана жұмсалатын қаржы іспетті. Әлі ғаламтор мен ауызсудан қол үзіп отырған ауылдардың барын ескерсек, онда қолға алынуы тиіс шаруалар әлі де шаш етектен болғалы тұр.