Қайрат Мамырбаев: Іс-тәжірибеден өткісі келетін әр студенттің көмегі кәдеге жарайды

563
көрілім

О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада өткен жиында кәсіпкерлікті бастау бойынша жиын өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбевтың айтуынша, соңғы жылдары кәсіп ашуға ниет білдіргендер саны көбейе түскен. Палата басшылығы өз кезегінде өтінім білдірген әр тұрғынды қолдауға бар.
– Бизнес бастаймын деген жандарға жергілікті органдар да ұдайы көмек көрсетеді. Көп адамдар оңашада ойға батып, әлдебір іспен айналысуды жоспарлағандай болады. Алайда нақты қадамдар жасауда санасы сан-саққа кетеді. Мемлекет тарапынан бұл тұрғыда қолдау бар, тек өтінім түссе болды. Қаржылық емес қолдау бөлімі бар. Осы жағынан мамандар мен маркетологтар кеңес береді. Кәсіппен айналысудың тетігін іздеген болсаңыз осы жандар тиісті көмек бере алады. Жалпы, Кәсіпкерлер палатасына жүгінген әр клиенттің ойы, олардың мейілінше риза болып қайтуы, қажет ақпарат алулары біз үшін маңызды. Кәсіппен студенттер да айналыса алады. Тоғыз жыл көлемінде бірыңғай қаржылық емес қолдауды жүзеге асырып келеміз. Әр клиентке жеке-жеке қадамдар жасаймыз. Кәсіп әлемінде күнде бір жаңа дүниелер туындайды. Іс-тәжірибеден өткісі келетін жастар табалдырығымыздан аттап жатады. Көп жағдайда 3-курстан соң келгендері палата жұмысымен жақынырақ танысады. Десе де көмекшілер қашан да қажет. Тіпті, ұсақ-түйек саналған жұмыс ертең үлкен маңызға ие болады. Қатып қалған ешнәрсе жоқ, егер 1-курсты тәмамдаған соң келуге ниет білдірсе, есігіміз ашық. Іс-тәжірибеден өткісі келетін әр студенттің көмегі кәдеге жарайды, – деді Қайрат Нұржанұлы.