Қайтыс болған туысының зейнетақы жинағын қалай алуға болады?

664
көрілім

Күндердің бір күнінде бұл мәселемен кез-келген адамның бетпе бет келері анық. Біреудің жақын адамы бақилық болса, енді бірінің туыстарына осындай мезетте көмек керек болып жатады. Жерлеу рәсімін ұйымдастырудан бастап, қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтарын мұрагерлікке алуға дейін мәселе. Сол себепті біз осы мәселені бүгін сөз етуді жөн көрдік. Егер қайтыс болған адамның балаларының бірі 18 жасқа толмаған болса ше? Жалпы, көзжұмған адамның зейнетақы шотындағы ақшаны қалайша мұрагерлікке ресімдетуге болады?

Әуелі мұрагерлікті қалай ресімдеу қажеттігі жайында бір екі сөз айта кетейік. Бұл сұрақпен негізінен нотариус айналысады, бірақ онда да мәселе аз емес. Алайда біз бұған қатысты ақпаратты газетіміздің келесі санында беруді жөн көрдік. Бүгінгі санда нотариустың міндетіне жатпайтын жақтарын қозғамақпыз. Атап айтсақ, қайтыс болған адамның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинағын алу жөнінде баяндамақпыз.

Адам қайтыс болған соң оның мұрасын ресімдеу келесі тәртіпте жүргізіледі: қайтыс болғандығы туралы куәлікті алу — нотариусқа өтініш беру — мұрагерлікке ие болу туралы куәлікті алу — БЖЗҚ-ға жүгіну.

Анықтап айтар болсақ, нотариустағы мұрагерлікті ол ашылған мезеттен бастап алты ай ішінде ресімдеу керек. Алты ай мерзім өткеннен кейін нотариус мұрагерге (мұрагерлерге) мұраны иемдену туралы куәлік береді. Осы және басқа да құжаттармен ол БЖЗҚ бөлімшесіне жүгінеді. Міне нағыз осы жерде бұрын-соңды шықпаған мәселелер бас көтереді. Оқырмандарымызды толғандырған сұрақтарына "БЖЗҚ" АҚ ШҚ ОБ директорының міндетін атқарушы Қарлығаш Байділдаева жауап берді.

 

Анам қайтыс болған соң мұрагерлікті ресімдету үшін нотариусқа жүгінген едік. Ағам екеуімізге жиналатын барлық құжаттар тізімін табыстаған нотариус анамыздың қорда жинақталған зейнетақысын алу үшін БЖЗҚ-ға барып, барлық істі өзіміз ақыр аяғына дейін жеткізетіндігімізді айтты. Білгім келетіні, қандай құжаттарды БЖЗҚ-ға өткізуіміз керек?

 

Анар, тұрақты оқырман

 

- Ия шынымен де қайтыс болған тұлғаның зейнетақы жинағын мұрагерлікке алу үшін БЖЗҚ бөлімшесіне мұрагердің өзі баруы немесе сенімді адамды жіберуі керек, не болмаса құжаттарды Қорға пошта арқылы жолдауға болады.

Қайтыс болған адамның зейнетақы жинағын алу үшін келесі құжаттар тапсырылады:

1) БЖЗҚ ішкі құжаттарымен бекітілген үлгі бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш;

2) алушының жеке куәлігінің түпнұсқасы және көшірмесі (салыстыру үшін);

3) зейнетақы жинағы бар қайтыс болған тұлғаның қайтыс болу туралы куәлігі;

4) мұрагерлікке құқық беретін куәліктің түпнұсқасы немесе оның нотариалды расталған көшірмесі, не болмаса мұрагерлік мүлікті бөлу тарулы келісімшарттың түпнұсқасы немесе нотариалды расталған көшірмесі, я болмаса заңды күшіне енген сот шешімі;

5) алушының банк шоты туралы мәлімет.

Сонымен қатар зейнетақы жинағын мұрагерлікке алу үшін құжаттарды сенімді адам немесе пошта арқылы жіберіп алуға болады. Беру бағытына қарай қажетті құжаттардың толық тізбесі БЖЗҚ-ның https://www.enpf.kz/ru/services/recipient/heir.php сілтемесінде орналастырылған.

 

Туысымның анасы қайтыс болған еді. БЖЗҚ қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтарын қандай тәртіпте береді: балалары оны толықтай ала ала ма, әлде қордағы сома бірнеше бөлікке бөліне ме?

 

Салтанат, тұрақты оқырман

 

- Мұраға қалған зейнетақы жинағы мұрагерлерге бір ретпен беріледі. Яғни мұрагерлер мұрагерлікті алу туралы куәлікте көрсетілген тәртіп бойынша жинақты толық көлемде ала алады. Егер мұрагер екеу болса, сәйкесінше жинақ та екіге бөлінеді (зейнетақы жинағының сомасына орай 10 пайыз табыс салығын алып тастағанда).

 

Әкеміз қайтыс болған еді. Ол зейнеткерлікке шығып үлгермегенімен, біраз жинақтаған қоры болған. Қанша уақыттан соң біз әкеміздің зейнетақы жинағын алуға мүмкіндігіміз бар?

 

Бек, тұрақты оқырман

 

Зейнетақы шоттарындағы ақша салымшының жекеменшігі болып саналады, сондықтан ол адам қайтыс болған соң да БЖЗҚ-да мерзімсіз сақтала береді.

Қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтары ҚР "Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңына сәйкес мұрагеріне беріледі. Зейнетақы жинағын алушы немесе зейнеткерлік жасына жетпеген адам қайтыс болған уақытта оның отбасына немесе оны жерлеген адамға БЖЗҚ бірретік жерлеу жәрдемақысын төлейді.

Зейнетақы жинақтары мұрагерлікке өсиетхат негізінде немесе заңға сәйкес беріледі. Егер өсиетхат болмаса немесе жинақ тағдыры оған байланысты болмаса, мұрагерлік заңға сәйкес кезектілік тәртібімен беріледі.

Мұрагерлікті алу үшін мұрагер мұрагерлік ашылған жердегі нотариусқа немесе заң бойынша мұрагерлік куәлігін беретін тұлғаға мұраны қабылдау туралы немесе мұрагерлікті беру туралы куәлікті алу туралы өтініш береді. Мұрагерлік ол ашылғаннан кейін алты ай ішінде ресімделеді, яғни мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай өткенге дейін.

 

Естуімше, қайтыс болған адамның зейнетақы қорындағы ақшасына инфляция пайызы қосылатын көрінеді. Бірақ бұл барлық жағдайда бола бермейтін сияқты. Бір туысқанымыз зейнеткерлік жасына жетпей өмірден өткен еді. Оның зейнетақы жинағына инфляция пайызы қосылмайтын көрінеді. БЖЗҚ мамандары мұны қайтыс болған туысқанымыздың зейнеткерлік жасына жетпеуімен, сондай-ақ оның мүгедектігі болмағанымен байланыстырды. Сонда бұл екі мәселенің өлген адамға қанша қатысы бар?

 

Ермек, тұрақты оқырман

 

- Оқырманның инфляция пайызы деп отырғаны меніңше зейнетақы жинақтарының сақталуына деген мемлекеттік кепіл болуы керек. ҚР "Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңының 5-бабына сәйкес мемлекет алушыларға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi. Азаматтың зейнетақы жинақтарын алуға құқығы туындаған кезде оның жеке зейнетақы шотындағы сома инфляция деңгейіне байланысты қайта есептелетін болады. Егер оның зейнетақы жинағының қорда жатқан кездегі табысы инфляция деңгейінен төмен болып шықса, республикалық бюджет есесінен оның орны толтырылады.

Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік беру туралы ережелерінде мұндай кепілдік берілетін тұлғалар анықталған. Сонымен мұндай топқа жататындар:

- зейнеткерлік жасына жеткен тұлғалар;

- мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген І-, ІІ-топ мүгедектері;

- Қазақстан Республикасынан тыс тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

- алушы қайтыс болған жағдайда бұл оның мұрагеріне ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес есептелетін болады.

Зейнеткерлік жасына жетпей салымшы қайтыс болған кезде оның жинағына мемлекеттік кепіл бойынша төлемақы жүргізілмейді.

 

Марқұмның зейнетақы жинағы оның мұрагерлеріне бірдей етіп қандай жағдайда бөлінеді? Қайтыс болған адамның әйеліне (күйеуіне) беріле ме? Бұдан басқа мұндай мұрагерлікке кім үміт арта алады?

 

Тимур, тұрақты оқырман

 

- Қайталап айтамын, мұрагерге ол өсиетхат арқылы немесе заң бойынша беріледі. Заң бойынша мұрагерлер мұрагерлікке кезекпен жіберіледі. Бірінші кезекте оның балалары және адам қайтыс болғаннан кейін тірі туған балалары, жұбайы (зайыбы) мен мұра қалдырушының ата-анасы жіберіледі. Екінші кезекте бауыр-қарындастары, атасы мен апасы және немерелері. Үшінші кезекке нағашысы, нағашы апайы және ағайындас аға-әпкелері жатады. Әр кезектегі мұрагерлердің құқықтары оларға дейінгі мұрагерлер болмаса немесе мұрадан бас тартса ғана орнайды.

 

Мені нақты кезеңдер мазалайды. БЖЗҚ-ға өтініш түсіргеннен кейін қанша уақыттан соң қайтыс болған адамның зейнетақы жинағы мұрагерлеріне беріледі?

 

Асқарбек, тұрақты оқырман

 

- БЖЗҚ-ға құжаттар тапсырылған соң келесі жұмыстар атқарылады:

- құжат қабылданған соң бес жұмыс күні ішінде жерлеу рәсімінің жәрдемақысы беріледі;

- мұрагерлерге зейнетақы жинағы он жұмыс күні ішінде беріледі.

 

Егер қайтыс болған адамның балаларының бірі кәмелеттік жасқа толмаған болса, ол ата-анасының зейнетақы жинағының өзіне тиесілі бөлігін ала ала ма?

 

Айнұр, тұрақты оқырман

 

- Азаматтық кодекске сәйкес, мұра келесі адамдарға тиесілі:

- мұра қалдырушының кәмелеттік жасқа толмаған және толған балалары (оның ішінде асырап алғандары);

- жұмысқа жарамсыз жұбайы және ата-анасы.

 

Мұрагерлікті ресімдеу барысында 14 жасқа толмаған жас жеткіншектің мүддесін оның заңды өкілі (ата-анасы) немесе қамқоршысы қорғайды. Олар нотариусқа өтініш жазып, мұрагерлікті алу туралы куәлікті алады. Ал 14-тен 18 жас аралығындағы мұрагер өзінің заңды өкілімен БЖЗҚ-ға өзі барады. Егер мұрагер 14 жасқа дейінгі жас жеткіншек болса БЖЗҚ-ға құжаттарды оның заңды өкілі немесе қамқоршысы өткізеді.

Қажетті құжаттар тізімі https://www.enpf.kz/ru/services/recipient/heir.php сілтемесінде көрсетілген.

 

Сұрақтарыңыз қалды ма? Болса, оларды Өскемен қаласы, Жеңіс даңғылы, 3/2 мекенжайында орналасқан "БЖЗҚ" АҚ облыстық бөлімшесіне жолдай аласыз. Анықтама телефоны: 8 (7232) 61-50-20. Қазақстан бойынша бірыңғай call-орталықтың нөмірі: 1418 (қоңырау шалу тегін).

Зейнетақы жинағынан бөлек мұраға пәтер, саяжай немесе автокөлік жата ма? Егер мұрагер жалғыз болмаса ше? Барлығын қалай ресімдеуге болады? Бұл сауалдар бойынша нотариустың берген жауаптарын газетіміздің алдағы сандарында жариялайтын боламыз.

 

Ерлен ОСМАНОВ

Фотосурет: ашық дереккөз