Қазақ тіліне аударылған кітаптарды ЖОО-лардың оқу процесіне енгізу басталды

501
көрілім
Фотосурет - asu.edu.kz сайтынан
Қазақ тіліне аударылған 18 оқулықтың бірі «Менеджмент», «Экономика» кітаптарын оқу процесіне енгізу жұмыстары басталды. Бұл туралы Алматыда Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап..

Халық шаруашылығы университеті Экономика және басқару мектебінің деканы Самажан Өмірзақовтың айтуынша, ЖОО-да менеджмент кафедрасының ұстаздары Рикки Гриффиннің «Менеджмент» оқулығын оқу процесіне енгізу бойынша типтік оқу жоспарларын әзірлеуге кіріскен.

- Кітапты аудару барысында терминологияға өзгеріс енген тұстар бар. Сол жағы да ескеріліп жатыр. Бұған дейін қолданып келген кітаптарымыз бен Гриффиннің оқулығы арасындағы өзгешеліктерді де ескереміз. Алдағы оқу жылында студенттер осы оқулық бойынша да білім ала бастайды. Гриффиннің «Менеджмент» оқулығы 20 тараудан тұрады. Онда менеджменттің төрт функциясы тұтас қамтылған. Осы оқулық негізінде қазір аударыла бастаған «Стратегиялық менеджмент», «Адам ресурстарын басқару», «Ұйымдық мінез-құлық» оқулықтарының текстері де әзірленеді. Менеджмент мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерді осындай ауқымда оқулық материалдармен қамту елімізде алғаш жүзеге асырылып жатыр. Соған өте қуаныштымыз. Қазір менеджмент кафедрасының ұстаздары осы оқулық бойынша видеолекция түсіру жұмыстарына араласып жатыр. Демек, келер оқу жылында студенттер де, осы мамандық бойынша қашықтан білім алатындар да, материалдармен толық қамтамасыз етіледі деген сөз,-деді Самажан Өмірзақов.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экономика кафедрасының меңгерушісі Гүлнәр Садыханованың айтуынша, Грегори Менкьюдің «Экономикс» оқулығынсыз экономистердің күні қараң сыңайлы.

- Экономика мамандығы бойынша білім алатын студенттердің де, жалпы осы салада жұмыс істейтін мамандардың да негізгі, басты кітабы саналады. Онсыз экономистердің таңы атпайды. Қазір осы оқулықтың қазақ тіліндегі нұсқасын оқу процесіне енгізу жұмыстары басталды. Онымен мен басқаратын кафедра тікелей айналысады. Сондай-ақ, видеолекция түсіру жұмыстарына да атсалыса бастадық. Мысалы, қазақ тіліндегі лекцияларды әзірлеу жұмысына мен аралассам, орыс тіліндегі лекциялардың редакторы - экономикс, макроэкономика салалары бойынша жетекші ғалымдарымыздың бірі, барлығымыз құрметтейтін ұстазымыз, экономика ғылымдарының докторы, профессор Болат Мұхамедиев айналысып жатыр, - деді Гүлнәр Садыханова.