Қазақстан аусылдан таза аумақ ретінде мойындалды

643
көрілім
ҚР Үкіметі мен Халықаралық эпизоотиялық бюро арасында ынтымақтастық бағдарламасы аясында еліміздің 5 өңіріне, атап айтқанда – Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы ірі-қараға вакцинация жүргізілді. Соның қорытындысына сәйкес, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет аусылдан таза аумақ ретінде мойындалып отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚР АШМ ресми сайтына сілтеме жасап.

2016 жылдың тамызында Қазақстан Республикасының Ветеринарлық қызметі тарапынан ХЭБ-ке еліміздің 5 өңіріне аусылдан таза аймақ мәртебесін беру туралы ресми түрде құжаттама берілген болатын.

Осыған орай, биылғы жылдың 8-14 мамырында ХЭБ сарапшылары өтінім етілген Қазақстан Республикасының 5 облысына инспекция жүргізді. Шара аясында жалпы ел аумағы ғана емес, жекелеген өңірлер кесімінде де аусылдың алдын алу үшін қолға алынып жатқан шаралар зерттеп зерделенді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы жануарларының идентификациясы мен жануарлар мен олардан алынатын өнімдердің тасымалдануына баса мән берілді. Сондай-ақ, аурудың алдын алу мен төтенше жағдайларда әрекет ету жоспары, мүдделі тұлғалардың ақпараттану деңгейі және мәртебені қадағалау мәселесіне де назар аударылды.

Жүргізілген инспекция қорытындылары бойынша Қазақстан аусылдан таза аумақ ретінде мойындалды. Атап өту керек, Халықаралық эпизоотиялық бюроның жарғысына сәйкес, осындай статусты алу ХЭБ-тің барлық елдегі мүшелері оң дауыс бергенде ғана мүмкін болады.