Филиппинде өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық алты боксшы алтын медальге ие болып, ел құрамасы Азия біріншілігінде көш бастады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Чемпионат финалына қазақстандық 8 бірдей боксшы шыққан. Махмұд Сабырхан (42 кг), Бейбарыс Жексен (52 кг), Айтжан Әшірхан (54 кг), Ерасыл Жақпеков (70 кг), Қуандық Мақсұт (75 кг), Сағындық Тоғамбай (80 кг) Азия чемпионы атанса, Ақылбек Мұхтаров (46 кг) пен Бекзат Ерімбет (60 кг) күміс еншіледі. Одан бөлек екі боксшымыз Талғат Сырымбетов (50 кг) пен Арнұр Ахмеджанов (+80 кг) қола медальге ие болды.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы командалық есепте көш бастады. Екінші орынға Өзбекстан құрамасы, ал үшінші орынға жапон боксшылары жайғасты.