Ел тыныштығын сақтап, жұрттың құқығын қорғайтын полиция қызметіне биыл 25 жыл толады. Осы орайда, ІІБ баспасөз қызметі Солжағалау полиция бөлімінің учаскелік полиция қызметкері Бектембаев Тимурдың дүкен тонаушыны тұтқиылдан қолға түсірген ерен ерлігін баяндап берді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Өскемен қалалық ІІБ Солжағалау полиция бөлімінің қызмет көрсету аумағында орналасқан дүкендерге тапаншаға ұқсаған затпен қаруланған белгісіз біреу қарақшылық шабуыл жасаған. Дүкендерді тонаған қаскөйді ұстау мүмкін болмайды. Ұсталмаған ол қылмысын одан әрі жалғастыра түсіп, нәтижесінде барлық саны жеті дүкенді тонап кетеді. Сол кезде қылмыс жасалған аудандағы барлық дүкендер мен сауда орындарына полицейлер тарапынан тәуліктік күзет қойылады. Осындай қайнаған қызу шараның ортасында жүрген Солжағалау ПБ-нің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Тимур Бектембаев та барынша ат салысқан. Ол қарашаның 22-сі күні сағат 22.00 шамасында Сәтпаев көшесі бойында орналасқан «Нұр» дүкеніне күзетке келеді. Күні-түні жұмыс істеп тұрған дүкен ішінде келушілерге қызмет көрсетуші үш сатушы әйел болған.
– Дүкеннің көзге түспес қалтарыс бір бұрышын таңдаған Тимур қарақшының жолын күтіп отырады, – дейді ШҚО ІІБ баспасөз қызметі, – Сол түн тыныш өткен секілді еді, кенет таңғы сағат 05.15 мөлшерінде басына қара маска киген ұзын бойлы, қолында қаруы бар адам кіріп келіп, жұмыс істеп тұрған сатушыға қаруын кезеп, 40000 теңгені қолды қылады. Осы кезде шартты орнынан атып шыққан Тимур қылмыскерге қолындағы қаруын түсіріп, берілуін талап етеді. Керегін алып үйренген ол полиция қызметкерінің талабын елемей, қаруын Т.Бектембаевқа қарай кезеген. Өзіне қарай кезеп тұрған қаскөйді көрсе де, полиция қызметкері тайсалмай, одан басымдық көрсете білді. Оны ұстау шараларын қолданып, еденге аяқ тұсына қарай ескерту ретінде оқ атады. Бірақ белгісіз тұлға қаруын түсірмей тұрған орнынан ыршып түседі де, қашуға бет алады.
Тимур ойланбастан оның соңына түсіп қуа жөнелген. Қылмыскерді көзден таса қылмаған ол ұстау шараларын екінші рет қолданып, аяғынан екінші рет оқ атады. Қашып бара жатқан күдіктінің аяғына оқ дәл тисе де ол одан әрі қаша берген. Аяғына оқ тиіп жараланған қарулы қарақшы маңайда тұрған автокөліктердің бірінің астына жасырынады. Дәл сол мезетте сатушылар шақырып қойған полиция қызметкерлері де келіп жетіп қылмыскерді қолға түсіреді.
– Осы көрсеткен ерлікке сай әрекеті үшін Тимур Бектембаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрінің мақтау қағазымен марапатталды. Осындай қызметке адал жандардың жұмыстарына жеңіс тілейміз, – дейді ШҚО ІІБ баспасөз қызметі.