2018 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі төрағасының өкілеттілігін орындауға кірісті, деп хабарлайды buqara.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, төраға Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне жалпы басшылық етеді, БҰҰ Хатшылығының көмегімен Қауіпсіздік Кеңесінің күнделікті үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Төрағалықтың міндеттеріне Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің келісімі бойынша Кеңес атынан, сондай-ақ бейресми консультациялар барысындағы талқылаулардың қорытындылары бойынша және Қауіпсіздік Кеңесі әрдайым қандай да бір құжаттың мәтіні бойынша келісімге қол жеткізген кезде баспасөз алдында мәлімдемелер жасау кіреді.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық ету жоғары халықаралық мәртебе болып табылады, себебі Қауіпсіздік Кеңесі мәжбүрлеу шараларына, экономикалық санкцияларға немесе ұжымдық әскери әрекеттерге қатысты шешімдер қабылдай алады. БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін басты жауапкершілікті өзіне жүктейді және БҰҰ-ның барлық мүшелері оның шешімдеріне бағынуға міндетті.