Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен ілеспе құжат екі оқылымда қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Жалпы алғанда, заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, сондай-ақ әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.
«Бұл тұрғыда Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізіледі. Біріншіден, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасаған адамға оған Кодекстің Ерекше бөлігінде көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады. Екіншіден, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша, сондай-ақ Кодекстің 108-1 (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және 109-1 (ұрып-соғу) баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар татуласқаннан кейін қайталап жасалған жағдайларда тараптардың татуласуына жол берілмейді», - деді сенатор Жанна Асанова.
Сонымен қатар ол денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін бас бостандығын шектеу түріндегі балама жаза алынып тасталатынын және бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленетінін айтты.
Жас баланы өлтіргені үшін (99-бап), балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны үшін (120-бап) және балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін (121-бап) Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазалау шараларын алып тастау арқылы, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді. 16 жасқа толмағандарға сексуалдық сипатта тиіскендерге жауапкершілік енгізіледі. Бұдан бөлек, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, Қылмыстық кодекс жаңа қылмыс құрамымен толықтырылады.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстыру арқылы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Қылмыстық кодекске енгізіліп жатқан өзгерістердің мақсаты – құқық бұзудың алдын алу және азаматтардың жауапкершілігін күшейту, оның ішінде балаларға қатысты жасалған құқық бұзу әрекеттері үшін жазалау шараларын қатаңдату», - деді депутат.
Сонымен қатар, заңдар мынадай негізгі ережелерді қарастырады:
- «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексте Отбасын қолдау орталықтарының құқықтық мәртебесі және олардың атқаратын қызметтері туралы, отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ақпараттық-анықтамалық әрі психологиялық көмек көрсету жөніндегі «111» байланыс орталығы туралы нормалар бекітіледі;
- денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға күш қолдана отырып, әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсету тәртібін әзірлеу және бекіту жөніндегі құзырет беріледі;
- балалардың құқықтарын қорғау мақсатында Кәсіпкерлік кодексте меншік нысанына және ведомстволық бағынылыстылығына қарамастан интернаттық ұйымдарда, білім беру ұйымдарында, баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарда, сондай-ақ стационар, жартылай стационар жағдайларында мүгедектігі бар адамдарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда алдын ала ескертусіз, мемлекеттік бақылау жүргізуді көздейтін нормаларды енгізіледі;
- арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі қызметтің сапасын арттыру мақсатында оны лицензиялауды енгізу, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтерін лицензиялау енгізіледі;
- неке және отбасы институтын нығайту, әлеуметтік-экономикалық қолдау, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларына) жан-жақты қолдау көрсетуді анықтау және ұйымдастыру бойынша жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретін кеңейту көзделеді;
- «Автомобиль көлігі туралы» заңы баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 16 жасқа толмаған, ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері ертіп жүрмеген баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салатын нормамен толықтырылып отыр;
- өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтарды құру және олардың қызметі туралы нормалар енгізіледі.
«Осылайша заңдармен барлық азаматтардың, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған әлеуметтік сипаттағы маңызды нормалар қарастырылып отыр. Негізгі Заң Қазақстан Республикасының 15 заңнамалық актісіне, оның ішінде 7 кодекс пен 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Ілеспе заңда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске түзетулер енгізу ескерілген», - деді Жанна Асанова.