Қазақстанда бала психикасына кері әсер ететін 800-ге жуық сайт бұғатталды

424
көрілім

ҚР Ішкі істер министрлігі балалар мен жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерден қорғау бағытында жүргізіліп жатқан шаралармен таныстырды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

– Елімізде тыйым салынатын интернет-ресурстарды анықтауға қатысты министрлік тиісті шараларды жүргізіп жатыр. Оның ішінде балалардың дамуы мен психикасына әсер ететін сайттар да бар. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдердің атынан әлеуметтік желілерде жалған аккаунт ашып, заңсыз және балаларға қарсы қылмысқа итермелеуге бағытталған контенті бар интернет-ресурстарды айқындауға кірістік. Жыл басынан бері интернет кеңістігіне мониторинг жүргізу арқылы 6 мыңға жуық порнографиялық сайт анықталған. Нәтижесінде оның 800-ге жуығы бұғатталды, – деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев ОКҚ-де өткен баспасөзмәслихатында.

Вице-министрдің сөзіне сенсек, елімізде кәмелет жасына толмағандардың өліммен аяқталатын қылмыстарды жасау көрсеткіші 62% азайған.

– Бүгінде мектептерде 2 мыңнан астам тәртіп сақшысы балалармен жұмыс істейді. Еліміз бойынша 7 мыңнан астам мектеп бар. Осы орайда бізге балалар және жасөспірімдермен жұмыс істейтін тағы 2 мыңдай полицей керек. Сондай-ақ, біздің мамандар балалармен қатар, олардың ата-анасымен де тікелей жұмыс істейді, – деді ол.